Жәрдемақы сомасын азсынған атыраулық асырап алған қызды балалар үйіне қайтарды

Қамқоршыға берілетін ай сайынғы жәрдемақы сомасына қанағаттанбаған Атырау тұрғыны асырап алған қызды отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылына қайтарған, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ATPress.kz-ке сілтеме жасап.

                           

«Шаңырақ» директоры Гүлсара Ботатаеваның айтуынша, қыз туылғаннан бастап балалар үйінде өскен. Біршама уақыт өткен соң балалар ауылының қызметкерлері баланың туған әжесін тауып алып, немересін үйіне әкетуге көндірген.

Мамандар әжеге немересін қамқорлығына алу туралы құжаттарды толтыруға көмектесіп, баланың болашақ қамқоршысымен психологиялық жұмыс істеген.

Алайда қыз әжесінің қолында көп тұрмады. Немересі үшін берілетін жәрдемақыны алғаш рет алған кезде ол ақшаны азсынып, дәл сол күні немересін балалар үйіне қайтарған.

«Қыз психологиялық жарақат алды. Ол көп жылады. Қазір онымен психологтар жұмыс істеп жатыр»,- деді балалар ауылының директоры.