«Құрметті атақ» беруден жарыс

 45647073_573000789810816_8763059002805321728_o.jpg«Рейтинг» газетінің өткен сандарының бірінде біз Жетісай ауданында бұрын қыз зорлады деген күдікке іліккен адамға жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атағы берілгенін жазған едік. Мақала жарияланған соң жан-жақтан хабарласып, пікір білдірген оқырмандардың қарасы көп болды. Бірі әкімдердің құрметті азамат атағын мерейтойларда иыққа жабатын шапанның дәрежесіне түсіріп жібергенін айтса, бірі кейінгі кездері атақ-даңқа, орден-медальге тым құмартып кеткен өзіміз кінәліміз деген пікір білдірді. Өз аудандарында құрметті азамат атағына қатысты туындап жатқан дау-дамайды көлденеңдеткендер де бар.

 Өткен аптада 90 жылдық мерейтойын өткізген Бәйдібек ауданынан хабарласқан оқырманымыз жергілікті әкімдік пен мәслихаттың «Бәйдібек ауданының құрметті азаматы» атағын биыл 15 адамға бергінен мәлім етті.

-Олар осылайша Құрметті азамат атағын беру жөніндегі ереженің талаптарын бұзды. Ережеде 10 адамнан аспауы тиіс деп жазылған. Сонда бұл қалай, талап бәріне ортақ емес пе? 90 жылдықты сылтауратып  ереже бұзған әкімдер мен депутаттарды жауапкершілікке тарту  керек,-деді оқырманымыз.

Расында да жуырда ғана жаңарып, қайта қабылданған «Түркістан облысы (Түркістан облысы қаласының, ауданының) «Құрметті азаматы» атағын беру жөніндегі қағиданың 15 бөлімінде  "Түркістан облысы қаласының, ауданының Құрметті азаматы" атағы жылына бір рет беріледі. "Түркістан облысы қаласының, ауданының Құрметті азаматы" атағы жыл сайын әрбір қала, аудан бойынша он адамға дейін-ақ берілуі мүмкін» делінген. Яғни, 10 адамға дейін берілуі мүмкін деп «тайға таңба басқандай» жазулы тұр. Қандай жағдай болса да, осы талап сақталуы тиіс. Қағидада «Құрметті азамат атағын осы қағидадан тыс тәртіппен де беруге болады» немесе «әлдеқандай жағдайларда атақты 10 адамнан асыруға болады» деген сөздер жоқ. Аталған қағида «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңы негізінде әзірленген. Аспаннан алынған, ойдан шығарылған ештеңе жоқ. Сонда  бәйдібектік атқамінелердің қағиданың талаптарын құлағына да қыстырмағаны ма? Егер заңның талаптарын ауданның әкімі, мәслихат депутаттарының өздері сыйламаса, ыңғайы келсе, белден басса, көзін көгертіп, шашын жұлса, онда басқалардан не күтуге болады?

Біздің қолымызға түскен ақпараттарға қарағанда, өткен аптаның соңында тойланған Бәйдібек ауданының торқалы 90 жылдығында  аудан әкімі Бақытбек Танакөзов елге еңбегі сіңген бірқатар азаматтарға «Бәйдібек ауданының құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыс еткен. Олардың қатарында Бөген ауылдық округінің төбе биі Мірәлі Әбдібаев, Жамбыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіқалық Ағабеков, «Толықбай» ЖШС-інің директоры Толықбек Ахатаев, «Бәйдібек-Несие» КС» ЖШС-інің төрағасы Жазылбек Әбілдабекұлы, «Мырзахмет ата» шаруа қожалығының төрағасы, депутат Айдар Байысбеков, «Әділет» шаруа қожалығының төрағасы, депутат Өсербай Кәдіров, жеке кәсіпкерлер Сайлаубек Сихымбаев пен Құрманәлі Ақбаев және еңбек ардагері Тәшім Әбдіқадыр бар. Б.Танакөзов  құрметті азамат атағын тапсыруды кешке қайта жалғастырады. Роза Рымбаева, Досымжан Таңатаров, Бауыржан Исаев, Нұрлан мен Мұрат бастаған өнер жұлдыздарының концертінде әкім Бәйдібектің топырағынан түлеп ұшқан  композитор Батырхан Рыспанбетовке, әнші-сазгер Заттыбек Көпбосынұлына, Таңат Мамырханұлы және Айкерім Қалаубаеваға «Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы» атағының төсбелгісін салтанатты түрде табыс еткен. Құрметтілердің қатарында «Оңтүстікцирк» мекемесіне басшылық еткен Сұлтан Сраилов та бар.

Биыл ауданның құрметті азаматы атағының 15 адамға берілгенін біз хабарласқан Бәйдібек аудандық мәслихатының хатшысы Мұхаддес Нақыпбеков те растады.

-Қағидада 10 адамнан аспасын деген талаптың бары рас. Депутаттар «бұрын ала алмай жүрген кісілер бар, 90 жылдықта, үлкен той болған соң 5 адамды қосайық деп қолқалады. Депутаттық корпуспен де санаспауға болмайды. Ұсынылған азаматтардың бәрі лайық деді. Мен бұл мәселе ертең дау болып кетпеу үшін мәселені тұрақты комиссияда талқылаған кезде әр депутат бойынша хаттама толтырттым. Бұл атақты алғандардың қатарында еңбек озаттары, ардагерлер, ұстаздар бар. 3-4-еуі өнер адамдары,-деді мәслихат хатшысы. 

Айтпақшы, құрметті азамат атанғандардың қатарында екі мәслихат депутаты бар болып шықты. Екеуі де кәсіпкер екен. Олардың кандидатурасын ұсынушылар «атақ берудің ыңғайы келіп тұр» депті.  Себебі екеуі де биыл алпыс жасқа толады екен.

Мәсхатшыосылай дегенмен, бәрібір бұл жерді жіптің ұшы аудан әкімі Бақытбек Танагөзовке барып тіреледі. Өйткені жоғарыдағы қағидаға сәйкес ауданның құрметті азаматы атағына ұсынушылардың құжаттарын аудан әкімі мәслихаттың қарауына 1 ай бұрын ұсынады. Яғни, 15 адамға беру жөніндегі идеяны алдымен  Танагөзовтың өзі мақұлдап алады.

Құрметті азамат атағына қатысты дау-дамай, заңсыздық тек Бәйдібек ауданында ғана емес екен. Бұл тоқсан жылдықты атап өткен барлық аудандарға тиесілі сияқты. Редакцияға Созақ ауданынан, аудандық  «Ауғанстан соғысы мүгедектері және «Мейірім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Көпберген Әбішбеков хабарласты.

-Биыл ауданның құрметті азаматы атағына  менің кандидатурамды облыстағы Ауғанстан соғысы ардегерлер кеңесі ұсынған болатын. Кандиатурам өтпей қалды. Құрметті азамат атағына ұсынылғандардың қатары елуден асқан көрінеді. Қағидада көрсетілген он адамның орнына отыз адам өтті. Атақ алғандардың арасында депутаттар, кәсіпкерлер көп. Ауданда өтіп жатқан іс-шараларға демеушілік жасап жүргендер де бар. Сонда адам демеушілікті құрметті азамат атағын алу үшін жасай ма? Ел арасында гу-гу әңгімелер әлі басылмай тұр. Рас болса, атақты депутаттар қып-қызыл саудаға айналдырған. Жергілікті атқамінерлер өз беттерінше ережені  бұзуы мүмкін емес деп ойлаймын. Облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев рас болса. аудандағы басшыларды шақырып алып, «мерейтойға байланысты биыл 20 адамға дейін қосып берсе болады» дегенді айтыпты дейді. Мен осының анық-қанығын білу үшін Қайрат Балабиевтің өзімен жолыға алмадым. Бергі жақта жүрген қызметкерлер «Ол кісі заң орындарына жұмыс істеген, заңды жақсы біледі, олай айтуы мүмкін емес» деп отыр,-дейді арызданушы.       

Айтса айтқандай, облыстық мәслихаттың хатшысы уақтында Мақтаарал ауданының, Шымкент қаласының прокуроры, облыс прокурорының орынбасары   қызметтерін атқарған. Мәслихатта қазір заңды одан жақсы білетін адамды табу мүмкін емес шығар... Алайда іс жүзінде солай ма? Қайрат Балабиев мәсхатшылыққа келгелі құрметті азамат атағына қатысты дау-дамайдың көбейе бастағаны қалай?

Бұған дейін жазғанымыздай,  2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығынан бастап бұрын бес адамға ғана беріліп келген облыстың  құрметті азаматы атағы 25 адамға көбейді. Қағидадағы  «5 адам» деген сөз «25 адам» дегенмен ауыстырылды. Яғни, бәрі  арнайы ережемен рәсімделді. Республиканың кейбір өңірлерінде Тәуелсіздіктің 20-25 жылдықтарында құрметті азамат атағын алушылардың қатары бір ретке көбейтілген екен. Өйткені бізде Тәуелсіздік меркесінен артық ешқандай мереке, мерейтой, той-томалақ жоқ. Өзге өңірлер осы бір реттік шараның өзін де заңды  шеңберде жүргізген. Ережеге тиісті өзгерістер енгізілген. Ешкім  ережеге томпақ келетін әрекеттерге бармаған. Сол 20, 25 жылдықтарда Оңтүстік Қазақстан облысының аудан, қалаларында құрметтілердің қатары 10 адамнан аспаған екен. Атқамінерлердің 90 жылдықта  ереже бұзып, қағидаға қарсы әрекетке баруы нені білдіреді? Тәуелсіздіктен гөрі тоқсан жылдықтың қымбатырақ екендігін бе?


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: «Құрметті атақ» беруден жарыс