Мыңбаев кетті... Бәлкім, «ҚазМұнайгаз» енді оңалар
Жалпы, Алик Айдарбаевтың «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшылығына келуін сарапшылар әуелгіден-ақ болжамдаған. Әсіресе 2011 жылы компанияның бұрынғы басшысы Қайыргелді Қабылдин қызметінен кеткен тұста жұрт оның бірден-бір ізбасары ретінде дәл осы Айдарбаевтың есімін атай бастады. Алайда, түрлі себептермен ауыс-түйіс басқаша сценариймен өтіп, осы қызметке Болат Ақшолақов тағайындалды. Кейінгі оқиғалар көрсеткендей, бұл жайт Айдарбаевтың карьерасын құтқарып қалды. Себебі, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларының салдарынан «ҚазМұнай газ» компаниясының басшылығы отставкіге кетіп, Ақшолақов қызметін небәрі екі ай атқарды.
Алик Айдарбаев талай жыл мұнай саласында тер төгіп, білікті маман атанды. «Маңғыстаумұнайгаз», «ҚазМұнайГаз» компанияларында жауапты қызметтерді атқарды, Маңғыстау өңірін басқарған тәжірибесі тағы бар. Осыны ескере келе, сарапшылар Айдарбаевқа айтарлықтай үміт артып отыр. Көпшіліктің пікірінше, Мыңбаев кеткен соң «ҚазМұнайгаз» оңалып, жағдайын жақсартатын мүмкіндік алды.
Мыңбаевтың «Қазақстан Темір жолы» холдингінің басшылығына тағайындалуы да көп жайды аңғартады. Темір жол саласы да - өз алдына алпауыт империя. Дегенмен, компанияның қызметінде айқындылық пен ашықтықтың жетіспейтіні, бұл саланың бетімен кеткені көпшілікке мәлім. Сыбайластық, қаржыны жымқыру, өте төмен деңгейдегі сервис – бұл факторлар «Қазақстан Темір жолының» жұмысына үлкен кедергі болып келе жатқаны көптен бері айтылып жүр. Алдыңғы басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев екі жылдық қызметінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе қоймады. Компанияның басшылығына келмес бұрын Алпысбаев сегіз жыл бойы вице-президент қызметін атқарып келгенін де айта кетейік.
Жалпы, ұлттық саяси элитадағы ең ықпалды ойыншылардың бірі Сауат Мыңбаевты сарапшылар «құпия миллиардер» деп бекер атамаған. Мүмкіндіктері мол, құрығы ұзын ходинг болғанымен, «ҚазМұнайГаз» өркендеудің орнына жағдайы жыл өткен сайын нашарлап бара жатқандай. Компанияда қазір табыс табу деген жоқ. Мұнай сатудан түскен барлық пайда басыбүтін сыртқы қарыздарды жабуға жұмсалуда. Бұл қарыз қайдан шықты? Адың күннің аманында «ҚазМұнайГаз» неге қарызға белшесінен батып жүр. Бұл сұраққа толыққанды жауапты Сауат Мыңбаев беруі тиіс. Бірақ, оның тарапынан осы мәселеге қатысты ақылға қонарлық уәжді ести алмадық.
Осыдан біраз бұрын «ҚазМұнайГаздағы» былықтардан бөлек, Мыңбаевтың жеке басына қатысты да жайсыз әңгімелер шықты. Былтыр күзде оның Meridian Capital атты оффшорлық компанияның акционері екені де анықталып, Мыңбаев шетелдік ақпарат құралдарының назарына іліккен болатын. Айта кету керек, шетелдіктер Мыңбаевты «нағыз миллиардер» деп таниды. Зерттеуші журналистердің халықаралық консорциумы осы мәселеге қатысты сараптама жүргізген соң Meridian Capital арқылы ондаған жылдар бойы оффшорға жүздеген миллион доллар қаражаттың шығарылғаны анықталды. Көптен бері «судан таза, сүттен ақ» болып келген Мыңбаев тек осы жарияланымнан соң шетелдік компаниядағы үлесі бары кенет есіне түсе қалды. Бір ғана 2006 жылы Meridian Capital компаниясының табысы 3 миллиард долларға бағаланыпты. Ал осы оффшорлық компаниядағы акцияның 18 пайыздан астам үлесі Мыңбаевқа тиесілі болғанын ескерсек, мақала кейіпкерін нағыз миллиардер ретінде мойындамасқа лажымыз қалмайтын сияқты. Ендігі мәселе – оны ресми түрде «Форбстың» тізіміне енгізу ғана.
Соңғы уақытта Сауат Мұхаметбайұлына қарсы ақпараттық майдан ашылған ба деп қаласың. Әйтеуір, соңғы бір жылда басылым беттерінде дәл Мыңбаевтай сыналған элита өкілі жоқ шығар. Дегенмен, Мыңбаев түк болмағандай міз бақпай отыр. Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын деп осыны айт. Мыңбаев басшылыққа келгелі бергі ұлттық компанияның «жетістіктеріне» кеңірек тоқтала кетсек. «ҚазМұнайГаздың» қаржылық есептілігі бойынша 2014 жылғы таза табыс көлемі 199,2 миллиард теңгені құрапты. 2013 жылғы көрсеткіш 450 миллиард теңгені жуықтағанын ескерсек, бір жыл ішінде табыстың неліктен екі есе азайып кеткені таңданарлық жайт. Компания өкілдері мұны сырттан алынған қарыздар бйоынша міндеттемелерді өтеу қажеттігімен түсіндірді. Компанияның қарызы тек 2014 жылдың барысында 2,3 триллионнан 3,1 триллион теңгеге дейін өсіпті. Оның үстіне, займдардың 87 пайызы теңгемен емес, доллар және евромен алынғандықтан, валюта нарығындағы толқулар қарыздың ұлғаюына әсерін тигізді.
Жалпы, алпауыт компанияны басқарудағы шикілік шаш-етектен. Негізгі міндеті – мұнай мен газ өндіріп, соны сатудан табыс табу болса да, ұлттық компаниядағылар «жан-жақтылығы мен пысықтығына» еріксіз таңдай қағасыз. Қайбір жылдарда компанияның активтерінің құрамында Елордадағы медициналық орталық, аң шаруашылығы, Түркиядағы бесжұлдызды қонақ үй, Батумидегі (Грузия) спорт клубы, Қырғызстандағы демалыс аймағы, Өзбекстандағы бизнес орталық кірген екен. Компания басшылығы мұндай активтерді қай ойымен және не үшін ала берген деген сұрақ сол күйі жауапсыз қалды. Кейбір ақпарат құралдарында жарияланған ақпаратқа сенсек, «Қазмұнайгаз» Бурабайда 100 гектар жер сатып алып, гольф-курорттың құрылысын да жүргізген екен. Құрамына қонақ үй, теннис корты, жағажай, 17 коттедж, аквасаябақ пен яхтаға арналған пирс кіретін кешеннің құрылысы шамамен 100 миллион долларды құрапты. 2014 жылы компания басшылығы Грузиядағы әріптестермен құны 18 милллион доллар құрайтын фешенебельдік қонақ үйдің құрылысы жөнінде меморандумға қол қойды. Осынау дүниенің барлығы не үшін керек болды? Әлде компания басшылығы «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» дегенді осылайша түсінгені ме? «Қазмұнайгаздың» негізгі міндеті – мұнай өндіріп, ел қазынасын толықтыру екенін компанияны бес жыл бойы басқарған Мыңбаев пен оның командасы ұмытқан сияқты.
Осының барлығын ескере келе, мұнай-газ саласынан ауып келген Мыңбаевтың отандық темір жол саласын гүлдендіріп, жаңа деңгейге көтеретініне үміттен гөрі күдіктің көп екенін жасырмаймыз. Қалай дегенмен, оның жаңа қызметте не тындыра алатынын уақыт көрсетер.