Рельс бойындағы селфи, құлаққап және алкоголь...

20190129190549.jpg

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы теміржолдағы қауіпсіздік туралы айғақтармен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылы Қазақстанда 72 адамды пойыз қағып кетті. Мұның барлығы теміржолда қауіпсіздік ережесін сақтамаудан болып отыр. Көп жағдайда рельс бойында алкогольді ішімдікке мас адамдар немесе құлаққап киіп, пойыз дабылын естімегендер мерт болады. Әйтсе де, өткен жылдармен салыстырғандай мұндай апаттар 36% азайды», - деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі. «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ хабарлауынша, осындай апатты болдырмау үшін өткен жылы 3 200-ден астам жолаушылар және жүк пойызын жедел тежеуге тура келген. «Оқиғалардың 90%-інде локомотивтік бригадалар адамдарды, автокөлікті немесе малды қағып кетудің алдын алды. Өкінішке қарай, сағатына 60-80 шақырыммен жүретін, салмағы 6 мың тоннадан асатын жүк вагондары 600-800 метрден кейін ғана тоқтайды», - делінген хабарламада. Мамандардың айтуынша, қайғылы оқиғалар тұрғындардың салғырттығынан және рұқсат етілмеген жерден өтуінен туындайды. «Статистикаға сүйенсек, теміржолда зардап шеккен адамдардың 20% құлаққап киіп, локомотив дабылын естімеген. Сонымен бірге, қызық үшін қауіпті орындарда ойын ұйымдастырып, рельс бойынша селфи жасайтын адамдар да алаңдаушылық туғызып отыр», - деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.