Түркістанда базарларда туберкулезге қарсы шара өтуде
Түркістан қаласында Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күніне орайластырылған «Өзіңді туберкулезден қорға!» ұлттық бағдарламасы аясында ақпараттық-профилактикалық акциясы өтті. Түркістан қаласындағы Қуаныш базарына жиналған жұрт жылжымалы бекетте медициналық тексеруден өтті. Шара барысында флешмоб ұйымдастырылып, дәрігерлер мен СӨС мамандары жиналған халықты өкпе- құрт ауруының қауіптілігі жайлы құлақдар етті. Қазақстан бес жыл ішінде туберкулез ауруымен ауыратындар санының 1,3 есеге азайғанына қол жеткізді. Егер 2014 жылы республикада 11,5 мыңға жуық жаңа ауру жағдайы анықталса, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 8,8 мың оқиға орын алды. Сонымен қатар, соңғы бес жылда Қазақстанда туберкулезден өлім-жітім 1,5 есеге төмендеді.
Елімізде туберкулездің алдын алу, диагностика және емдеу тегін жүргізіледі. Бүгінгі таңда Қазақстанда туберкулезді емдеу үшін әлемде қолданылатын барлық туберкулезге қарсы препараттар қол жетімді. Бұдан басқа, туберкулезді ерте анықтау үшін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және туберкулездің бар-жоғын және екі сағат ішінде туберкулездің дәріге төзімділігін анықтауға мүмкіндік беретін диагностиканың ең заманауи әдістері енгізілді.
24 ақпаны мен 24 наурызы аралығында Қазақстанда Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күніне орайластырылған туберкулездің алдын алу бойынша айлық өтуде. Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні 24 наурыз күні атап өтіледі.
«Өзіңді туберкулезден қорға!» ұлттық бағдарламасының басты мақсаты туберкулездің жеке және қоғамдық алдын алу шаралары, алғашқы белгілері, жұқтыру қаупі мен ауыр салдары туралы халықты ақпараттандыру, денсаулығына жауапты болуға тәрбиелеу, міндетті түрде профилактикалық тексерудің маңыздылығын түсіндіру болып есептеледі.
Туберкулезге шалдығуға ықпал ететін факторлар
1. Дұрыс тамақтанбау.
2. Туберкулезбен ауыратын науқаспен тығыз, ұзақ қарым-қатынаста болу (нәрестелер үшін аздаған уақыттың өзі жеткілікті).
3. Маскүнемдік.
4. Шылымқорлық.
5. Нашақорлық.
6. Қосалқы аурулардың (қант диабеті, асқазан жарасы, созылмалы өкпе ауруы) болуы.
Туберкулез қалай жұғады?
Туберкулез адамнан адамға ауа арқылы тарайды. Өкпе туберкулезімен ауыратын адамдар жөтелгенде, түшкіргенде немесе қақырғанда ауаға туберкулез бактерияларын таратады. Науқас адам жөтелгенде қақырықпен, түшкіргенде, сөйлегенде ауада 2-6 м дейін таралып, шаңмен бірге еденге, затқа қонады да, көптеген жылдар бойы тіршілік ете беретін сыртқы ортаға миллиондаған бактерия бөледі. Туберкулезбен адамдар ғана емес, жануарлар сиыр, ешкі, бұлан, бұғы, түйе де ауырады. Ауыру малдың сүті немесе еті адам үшін ауыру жұқтырудың көзі болып табылады.