Еліміздің гинекологтары Шардарада бас қосты

   Screenshot_1.png

    Ауқымды жиынға Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда қалалары мен Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан арнайы келген 100-ге жуық  гинекология саласының білікті мамандары тәжірибе алмасу мақсатында Түркістан облысына келді. 

    Денсаулық сақтау министрлігі мен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшылығының ұйымдастыруымен Шардарада "Тиімді перинаталды технологиялар" республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталды.

- Республикалық жиынның нәтижесі барлығымыз үшін тиімді болары сөзсіз. Жоғары деңгейлі медицина ұйымдары мамандарының шалғайдағы Шардара ауданында бас қосып, осы жерде білімін жетілдіруі осыған дейін болмаған жайт. Біз үшін бұл қуанышты сәт, мақтанарлық жағдай. Дәл осы Шардара ауданында соңғы 4 жылда бірде бір ана өлімі болмаған. Бұл біздің мамандардың үлкен жетістігі, - деді Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев. 

    Түркістан облысында жылына 50 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Бұл еліміздегі жалпы көрсеткіштің бестен бір бөлігі. Ел демографиясына елеулі үлес қосып келе жатқан өңірде ауқымды жиынның өтуі заңды. Ал Шардара аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкерінің біліктілігі мен ондағы техникалық жабдықтау жағы алдыңғы қатарда тұрғандықтан, дәл осы өңірде басқосу тағы бір себеп болып отыр. Шетелдіктер, атап айтсақ литвалық мамандар жұмыстың қайнаған ортасы ретінде Түркістан облысын үлгі етеді, - деп атап өтті елордалық мамандар. 

    - Біз еліміздің білікті мамандарының басын қостық. Мұндай жиындар елеулі нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Туу көрсеткіші бойынша елімізде алда келетін Түркістан облысында дәрігерлерге де салмақ түсетіні айдан анық. Дәл осы ретте сіздердің дәрігерлеріңіздің кәсіби біліктілігі мен еңбекқорлығын айта кету керек. Түркістан облысы - үлгі аларлық өңір. Бұл басқосуда тиімді перинаталды әдістерді енгізу мен тәжірибе алмасу барлық өңір мамандары үшін аса маңызды, - деді Алматы қаласындағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры Динара Мирзахметова.