Кесене айналасы мәдени-рухани орталыққа айналады
Түркістанның символы, туристердің сүйікті тарихи жәдігері Қожа Ахмет Ясауи кесені түрлене түспек. Мавзолей маңында туристік шаһарды айшықтайтын 9 бірдей нысан салынбақ.. Мәдени-рухани орталықта бүгінде үш нысанның құрылыс жұмыстары басталған. Олар: адамзатқа рухани азық сыйлайтын кітапхана, саяхатшыларды қабылдау орталығы және «Ұлы дала» мұражайы. Кесене төңірегінде тұрғын үйлер жайылып кеткенін айта кеткен жөн. Жоспарға сай олардың барлығы сүріліп, жазық далаға айналған. Нақтырақ айтқанда бұл маңдағы 168 тұрғын үй мен кәсіпкерік нысандары бұзылып, өзге жаққа көшірілді. Оларға жер телімі мен баспаналары үшін мемлекет тарапынан қаржылай өтемақы берілді. Мұнан бөлек жергілікті билік бұл отбасылардың өзге аумақтан баспана немесе жер телімін сатып алуына да қолғабыс жасауда.
Саяхатшылар енді Ясауи кесенесінен бөлек айналадағы мәдени мұра тізіміне енген 137 тарихи- сәулет ескеркіштерін тамашалай алады. Себебі мұндағы хан қорғаны, хан мешіті, 10 ғасыр бұрын салынған монша мен кәріз құбырлары қайта реставрациядан өткен.
«Тарихта, архивте сақталған көшелерді қайта жандандырып, соның бойына қолөнер орталығы, асхана, 700-ден 1 шақырымға дейін созылатын шығыс базары болады. Мұның барлығы біздің бабаларымыздың өмір сүрген кезеңіне жақындататындай мақсатта жасалынып жатыр»,- дейді «Түркістан бас жоспар» ҒЗИ басшысы Еркін Жүсіп.
Тарихи орындарды қалпына келтіру кезінде олардың бастапқы қалпынан ауытқымауына ерекше мән берілмек. Сондай-ақ жаңа салынатын нысандардың биіктігі екі қабаттан аспайтын болады. Жалпы тарихи аумақтағы сәулет ескертіштері 98 гектар жерді алып жатыр. Оларды туристердің электромобиль, ат арба және түйемен тамашалауына мүмкіндік жасалады.