Анимациялық фильм арқылы туристерді тарту қолға алынды
Психологиялық деректерге сүйенсек, бала кішкентай кезінде мультфильмнен көрген мекенін ешқашан ұмытпайды екен. Олар өскенде сол мекенге баруды қалайды делінеді. Мысалы, жастар көбінесе Нью-Йоркке, Лондонға, Парижге, Мысырға баруды қалайды. Ал, Берлинге, Мадридке, Сан-Диегоға барғысы келетіндер жоғарыда аталған қалаларға қарағанда сирек. Себебі, Нью-Йорк, Лондон, Париждер мультфильм, фильмдер арқылы әлемге өте көп насихатталды. Бұл қалалар әрбір баланың жүрегінде сақталып қалды. Уақыт өте келе индивид тұлға болып қалыптасқан соң, ол бала кезіндегі арманын міндетте түрде орындауға тырысады.
Мінекей, кинематография саласы туризм үшін өте маңызды. Туризмді дамытуда кино үлкен рөл ойнайды. Осыған орай, жақында облыс орталығында «Түркістан» анимациялық фильмі көрермендерге жол тартты. Фильмді «САҚ» киностудиясы түсірді.
Аталған фильм желісіне Жалғас есімді жас баланың ерлігі арқау болады. Оқиға барысында Жалғас Отанына, еліне деген парызын сезіне отырып, жаудың теріс пиғылынақарсы тұрады. Бала батыр осылай Түркістанда өтетін Қазақ құрылтайындағы қастандықтың алдын алып, Тәуке ханның өмірін аман алып қалады. Жалпы, анимациялық фильм көрерменді қызықты оқиғалармен баурап, адами тәрбиеге, әр адамның қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге үндейді.
Фильмді көрген балалар дән разы болды. Бұл – болашақта жемісін беретін жоба. Алдағы уақытта «Түркістан» республика көлемінде, одан соң ТМД көлемінде тараса, бұл Түркістан қаласының имиджіне оң әсерін тигізеді. Халықаралық аренада киелі мекеннің аты шарықтап, Түркістанға арнайы саяхаттап келетін туристердің саны ұлғаяды.