Алдын алмаса емделмейтін ауру

1zgif.com-webp-to-jpg.jpg

Көп жағдайда қатты толқып, ашулану, қапалану, орталық жүйке жүйесі арылы қан қысымының көтерілуіне әкеп соғады. Артериялық қан қысымының уақытша көтерілуі: 130/80 мм 139/89 мм. Сынап бағанасы бойынша одан жоғары көтерілсе және ұзақ уақыт түспесе жүрекке, миға, бүйрек, көз, қан тамырларына салмақ түсіп, артериялық гипертония ауруына әкеп соғады. Мұндай қалыпты емес жағдай әйелдердің климакс кезінде, шулы жерде жұмыс істеу, ішімдікке салыну, жаттығу жағдайын өзгерткен спортсмендерде болуы мүмкін. 

 

Артериалдық қысым көтерілгендегі шағымдар мынадай: шүйде, самай аймағындағы бастың солқылдап ауыруы және зеңуі, бас айналуы, нашар ұйқы, құбылмалы көңіл-күй, ақыл-ойдың қабілеттілігінің төмендеуі, құлақтың шулауы. Көз алдында заттардың бұлдырап көрінуі, көру өткірлігі деңгейінің төмендеуі. Жүректің қағуы, шалыс соғуы, ентігу, әлсіреу, еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі,  ісінулердің пайда болуы.

 

Гипертония – жоғары қан қысымы ретінде де белгілі. Ол инфаркт, инсульт және бүйрек жеткіліксіздігінің дамуы қатерін де арттырады. Гипертонияны қадағаламай жүре берсеңіз, ол соқырлыққа, аритмия және жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Диабет, жүрек-қан тамыры факторлары болған жағдайда осы асқынулар арта түседі.

 

Гипертония ауруының кездесуіне тұқым қуалау факторы да әсер етеді. Гипертония ауруы артериялық қан қысымының көрсеткіші және адамның жай-күйіне байланысты 3 сатыға бөлінеді. Алдымен уақытша көтерілу 130/85 – 139/89 бағаланады.

 

І саты: артериялық қан қысымы сынап бағанасы бойынша 140/90 – 159/99 мм. Адамның ұйқысы бұзылып, шаршау, жүрек қағу, мазасыздық пайда болады. Бұл дұрыс дем алып, тыныштандыратын дәрілерден кейін қалпына келеді.

 

ІІ саты: артериялық қан қысымы 160/100 – 179/109 мм аралығында және бас ауру, жүрек айну, жүрек шаншу, бас айналуы мүмкін. Мазасыздық, шаршау, ұйқы бұзылу арта түседі. Бұл жағдайда жүрек, ми қан тамырларында өзгерістер пайда болады және қан қысымын төмендететін дәрілер қабылданған соң,қалпына келгенімен тұрақты бір көрсеткіште тұрмайды.

 

ІІІ саты: артериялық қан қысымы 180/110 мм-дан бастап және одан жоғары көрсеткіште үнемі болатын жоғарғы қан қысымынан жүрек бұлшық еттері мен қан тамырлары қабырғаларында болған қауіпті өзгерістерге (атеросклероз) байланысты ауытқулар болуы мүмкін.

 

Жүрек қан тамырлары жағынан аурудың асқынуы бойынша қауіптілік алғашқы 10 жылда пайызбен есептеледі. Мысалы, 15 пайызға дейін – төменгі қауіптілік, 15 - 20%-ға дейін – орташа қауіптілік, 20-30%-ға дейін – жоғары қауіптілік, 30%-ға дейін – өте жоғары қауіптілік. Қауіптілік пайызы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым асқыну аурулары да қиындау болады.

 

Гипертония ауруы несімен қауіпті? Себебі, көптеген адамдар өз қан қысымының жоғары екенін білмей жүре береді. Сондықтан, бір ретте болса қан қысымы көтерілген болса, туыстарыңыздың қан қысымы жоғары болса, жасың 35-тен асса және артық салмағыңыз болса, қант диабетімен ауырсаңыз, климакс уақыты болса, темекі шексеңіз, ішімдік пайдалансаңыз, нерв жүйесіне артық салмақ түссе және ішкі жай-күйіңізде жайсыздық туындаған кезде дәрігерге көрініп, қан қысымыңызды өлшетіңіз. Ауруды уақытында анықтау, дер кезінде емдеу аурудың асқынуынан сақтайды.

 

Гипертония ауруынан адам бір жолата жазылып кете алмайды, тек өмір сүру бағытын өзгерту және үнемі дәрігердің белгілеуі бойынша дәрі қабылдап отыру арқылы ғана қан қысымын бір мөлшерде ұстауға аурудың асқынуынан сақтануға болады.

Рейтинг газеті

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Алдын алмаса емделмейтін ауру