Алаш арыстарын еске алды
«TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубы кезекті отырысын ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақтың қилы тарихы» атпен ұйымдастырылған кездесуде ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін туралы деректер айтылды.
Жиында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов пен тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсын ХХ ғасырдағы зұлматтың қазақ халқының демографиясына орасан зор зиян келтіргенін айтты. Елімізде тарихи сананы жаңғырту бағытында жұмыстар жалғасуы керектігіне тоқталды.
«Біз саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алғанда олар жайлы «жазықсыз сотталды», «жазықсыз атылып кетті» деп айтып жатамыз. Ол дұрыс емес. Жазықсыз десек, қайраткерлеріміздің ұлт үшін ешқандай әрекет жасамағаны болар еді. Олар – жазықты. Жазығы – елдің тәуелсіз болғанын аңсағаны, ұлттық мүдденің аяққа тапталамағанын қалағаны. Тарих бізге ұлттық сананы жаңғырту, сабақ алу үшін керек. Біз жас ұрпақ санасына тарихты сіңіру арқылы отаншылдыққа тәрбиелейміз», – деді профессор Хазіретәлі Тұрсын.
Ал ақын Қасымхан Бегманов ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннің қасіреті қазақтың рухын жаныштап кеткенін, біздің қоғамның осы зұлматтан ауыр зардапқа ұшырағанын айтты.
«Мен қазақтың арда ұлы Мұстафа Шоқайды зерттеу үшін ол жүріп өткен қалаларға, елдерге экспедиция жасадым. Фильм түсіріп, кітап жазу барысында қайраткердің таңғажайып тұлға екеніне көз жеткіздім. Біз алашордашылардың ең жоғары деңгейдегілерін ғана білеміз. Өкінішке қарай, сол көсемдерге қолқанат болып, көмегін берген өзге де азаматтар туралы хабарымыз аз. Сондықтан қолына қалам ұстаған әрбір ақын, жазушы немесе журналист облыстық, аудандық, тіпті ауылдық деңгейдегі бір алашордашыны тауып, оны жарыққа шығаруы тиіс. Сонда ғана миссиясы жартылай болса да орындалды дей аламыз», – деген ақын Алаш қайраткерлері туралы поэмаларынан шағын үзінді оқып берді.
Іс-шараға қатысушылар қонақтарға түрлі сұрақтар қойып, пікір алмасты. «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алдағы уақытта да руханият, тарих, әдебиет, саясат саласындағы өзекті мәселелер жөнінде кездесулер өткізуді жалғастыра бермек.