Cапалы қызмет – денсаулықтың кепілі

Screenshot_2.jpg

Ағымдағы жылдың 18 маусымында ел Үкіметі 2020 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесін бекітті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістерге қатысты брифинг берген Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев айтып берді. 

– Елімізде 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша көрсетіле бастамақ. Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) пакеті. Барлық азаматтар пайдалана алатын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне жедел жәрдем мен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек енген. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы аурулардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет шеңберінде консультативтік-диагностикалық көмекпен, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамтамасыз етіледі. Амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, туберкулезге шалдыққандарды оңалту қызметі де осы пакетке кіреді. Екіншісі – МӘМС пакеті. Бұл пакет консультативтік-диагностикалық көмек, соның ішінде бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлерін, ТМККК пакетіне енгізілмеген сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ТМККК пакетіне жатпайтын жағдайларда жоспарлы стационарлық және стацинарды алмастыратын көмекпен қамту, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін қамтымақ, – деді А.Бейсенбаев.

Спикердің айтуынша, Түркістан облысы бойынша, биыл Қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші медициналық ұйымдарға 72 млрд. теңге төленуде. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 9,1 пайызға артық. Жалпы, медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген 74 медицина ұйымдарымен келісімшарт бекіткен. Оның 34-і жеке меншік клиника.  Жалпы жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті. 

Бейсенбаевтың баяндауынша, Түркістан қалалық орталық ауруханасы биыл жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге сақадай сай отыр.

2020-2022 жылдарға арналған бюджет жобасында 2020 жылы медициналық көмекке жұмсалатын қаржы 1 трлн 620 млрд теңге деп белгіленген. Бұл биылғы шығындардан 67 пайызға көп. Аталған қаржының 967,7 млрд. теңгесі тегін медициналық көмекке, 652,8 млрд теңгесі сақтандыру пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерге жұмсалады.

Қазіргі таңда Медициналық сақтандыру қорына Қазақстан бойынша 186,2  млрд теңге көлемінде жарна аударылды. Жинақталған жарнаның 5,7 пайызы Түркістан облысының үлесіне кіреді. Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Cапалы қызмет – денсаулықтың кепілі