Шаруаларға 9 трактор берді
Егістікте егіннің бітік шығуы диқанның еңбегіне ғана емес сонымен қатар техниканың күшіне де байланысты. Шаруалардың құрал-сайманы бүтін болса жұмыс та алға жылжиды. Осы орайда түркістандық шаруалар мемлекеттің қолдауымен су жаңа техникаларға қол жеткізді. Оларға 9 дана трактордың кілті салтанатты түрде тапсырылды.
Жалпы Түркістан облысы бойынша бүгінгі таңда барлық техникалар саны 18 мыңға жуықтайды. Оның 16 733 –трактор, 883 – астық комбайны, 339 – мақта комбайны.
2019 жылдың 5 айының өзінде 289 бірлік техника сатып алынып, 491 млн. теңге субсидия төленген. Ал 2018 жылы жалпы 954 жаңа техника алынған. Оның 244 бірлігіне 1,2 млрд. теңге инвестициялық субсидия төленген.
Қазіргі таңда облыста техника аламын деген шаруаларға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Егер жоба қаржы институтынан мақұлданса, 25 пайыз алғашқы жарна мемлекет тарапынан субсидияланып қолдау көрсетіледі. Яғни «Инвестициялық субсидия» бағыты ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жаңа серпін беруде. Демек, кәсіпкерлердің өңірімізге инвестициялық жобаларды іске асыруға қызығушылықтары артып жатқанын айта кеткен жөн.