Өттегі 831 тас
Өтте тас байлану, яғни холелитиаз – адам организмінде зат алмасу, әсіресе май алмасу процесінің бұзылуынан туатын ауру. Дерт өт қабығында көлемі, құрамы және сыртқы пішіні әр түрлі тастардың түзілуімен сипатталады. Өтте тас байлану көне заманнан белгілі. Бұл ауру туралы деректерді Гиппократ, Әбу Насыр әл-Фараби, ежелгі римдік энциклопедист-ғалым А.К.Цельстің еңбектерінен кездестіруге болады. Өтте тастың пайда болуына семіру, қант диабеті, холецистит, ұйқы безінің қабынуы (холецистопанкреатит) әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, әр түрлі жұқпалы ауруларды дер кезінде емдемеуден де болады. Оттегі холестерин шала ыдырауының әсерінен өт қабы мен өт жолы қабынып, ісініп тарылады. Өт баяу жүреді, ал оның құрамындағы заттар бірте-бірте шөгіп тасқа айналады. Өт жолын тас бітегенде адамның денесі сарғайып, жиі кекіру басталады. Ауруды ультрадыбыспен зерттеу арқылы анықтайды. Алдын алу үшін тамақты аз-аздан, тәулігіне 5-6 рет ішу керек. Рационнан аса майлы тағамдарды шығарған жөн.
Диагноз газеті