Ерікті жастардың көмегі жалғасын табады
Жуырда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
- Елбасы осы жылды Жастар жылы деп жариялады. Жастармен қоғамдық- идеологиялық жұмыс жүргізу – өте маңызды міндет. Себебі, жастар – біздің болашағымыз.
Келесі жыл Жастар жылының жалғасы ретінде Волонтерлер жылы болады. Жастарымызды белсенді волонтерлік жұмысқа тарту қажет.
Бірақ, олар бұл жұмысқа тек кредиттер мен оқудағы жеңілдіктер үшін емес, өздерінің жүрек қалауымен, шынайы ниетімен келуі тиіс.
Жастар жылы аясында қабылданатын шаралардың тиісті жол картасы бекітілді.
Осы тұста, жастардың бастамаларына және үкіметтік емес ұйымдарға гранттық қолдау көрсетуге қатысты жұмыстарға Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі жауап береді,-деген болатын.
Түркістан облысында ерікті жастар жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарына белсене қатысуда. Мәселен жуырда Арыс қаласындағы жөндеу жұмыстарына Бәйдібек ауданына қарасты ауылдық округтерінің ерікті жастары келді. Бәйдібек ауданы әкімдігінің арнайы бекітілген жоспары негізінде Жастар ресурстық орталығының ұйтқы болуымен жастар түрлі құрылыс жұмыстарына көмек берді. Бәйдібек ауданы әкімдігінің хабарлауынша, Арыс қаласындағы үйлердің жарамсыз қалған есік терезелерін шатырларын мен қабырғаларын жөнге келтіруге аталған аудандағы әрбір ауылдық округтен 10 жастан жұмылдырылды.