Арыстағы құрылыстар 20 тамызда аяқталуы тиіс


Арыс-3.jpg


Арыс қаласына жасаған сапары барысында үкімет жетекшісі Асқар Мамин тиісті басшыларға тапсырмалар берді.  

 «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Арыс қаласын қалпына келтіру мақсатында еліміздің барлық өңірлері, ұлттық компаниялары, ірі бизнес өкілдері белсенді түрде атсалысты. Бір ай ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Қаланы қалпына келтіруге 10 мыңнан астам құрылысшы қатысты,-деді А.Мамин. 

ҚР Үкіметінің басшысы Арыс қаласын қалпына келтіруге араласқан, көмек қолын созған барлық отандастарға, бизнес, әкімдік өкілдеріне, құрылысшыларға алғыс білдірді.

Кеңесті қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі жалпы қаладағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталғанын атап өтіп, тиісті министрліктер мен ведомстволарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Қазіргі таңда зардап шеккен 7516 бір қабатты жеке үйлердің 6611-і немесе 90% жөндеуден өткізілді. Қалған 905 бір қабатты жеке үйлерді жөндеу жұмыстарын 10 тамызға дейін аяқтау қажет. 67 көпқабатты үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстарды 20 тамызға дейін аяқтау керек. Барлық 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру жұмыстарын 20 тамызға дейін бітіру қажет. Осыған орай, Штабтардың жұмысы 20 тамызға дейін жалғасады.

Өңірлер бекітілген секторларындағы нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын аталған мерзім ішінде толығымен аяқтауды қамтамасыз етуі тиіс.

Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы облысы бекітілген секторларында жұмыс қарқынын күшейтіп, құрылыс барысын қатаң бақылауға алуы қажет.

Түркістан облысының әкімі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, Арыс қаласының және қала маңындағы елді мекендер тұрғындарына бір реттік өтемақы төлеу жұмыстарын толығымен аяқтауы тиіс.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, қаланың барлық коммерциялық нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауы керек.

Қорғаныс министрлігі бекітілген Жол картасы бойынша қоймалардағы қару-жарақтарды шығаруды жүйелі түрде қамтамасыз етіп, Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп әскери қалашықтағы әскерге қатысы жоқ 58 отбасының мәселесін пысықтауы тиіс.

А. Мамин Арыс қаласының тұрақты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерді жұмылдырудың қажеттігін айтып, «Үкімет Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арыс қаласының одан әрі даму мәселелерін бақылауда ұстайтынын» атап өтті.