Биыл Достық каналында су мол
Мырзашөл өңірін ең ірі мақта өсіретін аймаққа айналдырған "Достық" каналында биыл су мол. Бастауын Өзбекстаннан алатын каналдан келетін су бұған дейін жаз ортасында мақтааралдық диқандарға жетпей, шаруалар шаш етектен шығынға батып, төккен терлері текке кететін. Бұл туралы Мақтаарал ауданы әкімдігі хабарлады.
Бүгінгі таңда мақталы Мақтаарал ауданында вегетациялық науқан қарқынды жүріп жатыр. Ауданға қарасты 21 канал мен олардың тармақтарының барлығына ағын су толып, Достық каналы арқылы ауданға секундына 42,30 текше метр су берілуде.
Мақтааралдың бренді саналған "ақ алтын" ағын суды қажет ететін дақыл екені белгілі. Биыл 38 185 гектар жерге мақта егілген болса, күн сайын мың гектардан аса мақталық алқап суғарылуда. Бүгінге дейін 19 371 гектар мақта алқабы су ішсе, қалған 18 814 гектар алқапты тамыз айының соңына дейін суғарып біту жоспарлануда.
"Өзбекстаннан келген суды ең бірінші болып біз пайдаланамыз. Көршілеріміз 10 күннен кейін су беру деңгейін азайта бастайды. Аудан әкімінің бекіткен жоспарына сәйкес, ағын су беруші мекеме мен ауыл әкімдері кестеде көрсетілген мерзімді тиімді пайдаланып, шаруаларды ұйымдастыра білуі керек" - деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өсер Мырзамдамов.
Жалпы мақтадан бөлек, 19 336 гектар бақша, 1 615 гектар күріш, 5 533 гектар жүгері, 5 332 гектар жоңышқа және 6 781 гектар басқа да дақылдар суғарылып, мақтааралдық шаруалар бақша мен көкөніс өнімдерін нарыққа шығаруда.