Депутат шардаралықтардың талап-тілегін тыңдады
Парламент Мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержан Шардараға іссапармен келді. Халық қалаулысы аудан әкімі Қайрат Жолдыбаймен бірге қаладағы «Бәйтерек ББМ» серіктестігінің балық зауытында болып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл туралы Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жылына 600 тонна балық өндіруге мүмкіндігі бар бұл зауыттың жобалық құны 300 млн теңгені құрайды. Зауытқа
барған қонақтар сонымен бірге бұл серіктестікте биылғы жылы қолға
алынған құлпынай шаруашылығымен де танысты. Биылғы жылы таңсық өнімді
өндіруді бастаған серіктестік диқандары алдағы уақытта гектар түсімін 4
тоннаға көбейтуді жоспарлап отыр.
Құдайберген Төлепұлы ауданда
жаңадан салынып жатқан 160 орындық екі қабатты емхана құрылысымен де
танысты. Заманауи үлгіде бой көтеріп жатқан бұл ғимарат келер жылы ел
игіліне берілмек. Ақ халаттылармен кездескен Мәжіліс депутаты олармен
әңгімелесіп, қандай проблемалары бар екенін сұрады. Аудандық аурухананың
бас дәрігері Нұрғали Молдаханов дәрігерлер бойынша қандай мамандықтар
жетіспейтінін айтты. Бас дәрігердің өтінішіне құлақ түрген халық
қалаулысы осы қажеттіліктерді жазбаша хатпен беруін айтып, оң шешілуіне
ықрал ететінін жеткізді.
Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан бұдан
басқа да бірқатар нысандарды аралап, кейіннен аудан әкімдігінде
тұрғындардың мәселесі бойынша азаматтармен жеке қабылдау өткізді.