Қауын-қарбыз Мақтааралдың брендіне айналды

68751875_452219438664843_8657723422337400832_o.jpg

-Әлемдегі ең тәтті қауын-қарбыздар Мақтаарал ауданында өседі. Бұл – ресейлік және еуропалық кәсіпкерлердің сөзі. Бұған дәлел, маусым кезінде күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартады. Биыл аудан шаруалары 10 мың гектарға қауын, 1500 гектардан аса қарбыз еккен,-деп хабарлайды Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

-Бұрыннан балдай тәттілігімен, ерекше үлкендігімен танымал болған «Мырзашөл» қауынын экспортқа ыңғайластырып, бүгінде облыстағы бірнеше аудандардың диқандары жаппай егіп жатқан «Жиенбет», «Валеть» сияқты т.б. қауынның сорттарын жасап шығарды.

Жаңа сорттардың дәмі тіл үйіреді және тасымалдауға төзімді, яғни ұзақ жолға бейімделген. Көлемі де ыңғайлы, бір қорапқа 6-7 қауын сыяды. Жаңа сорттардың арқасында соңғы жылдары диқандарымыз үлкен табыс тауып, күллі Ресей мен Еуропаның бірнеше елдерінің нарығына кіріп отыр.

Қазіргі таңда Мақтаарал ауданының кіреберісіндегі логистикалық орталық жүк көліктеріне лық толған. Еуропадан және басқа да елдерден келген кәсіпкерлер үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, қонақ үй, кафе, автотұрақ, бассейн кешені мен қосалқы бөлшек дүкенінің қызметтері қарастырылған. Алдағы уақытта көкөніс сақтау қоймасы да іске қосылады.

Осылайша қауын-қарбыз бизнесі Мақтаарал ауданында тұтас бір индустрияның дамуына жол ашып отыр.