Марафон-эстафетаға 30 мақтаралдық қатысты
Мақтаарал ауданында «Жастар жылында» бастау алған "Адал жолды таңдаймыз!" атты жастар марафон-эстафетасының қорытындысына арналған кең көлемде салтанатты іс-шара болып өтті. Бұл туралы аталған аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға арнайы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы Сапар Жантөреев, Мақтаарал ауданы әкімінің м.у.а. Бейсенбай Төребеков, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Махамбетов қатысты.
Аталған марафон-эстафетаны Шардара ауданынан мақталы Мақтаарал ауданы қабыл алып, сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көрінісіне "мүлдем төзбеушілік" ахуалын жасау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту мақсатында ауданымызда 10 күн бойы түрлі іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, семинарлар, дөңгелек үстелдер, кездесулер және өзге де 30-ға жуық өткен спорттық, мәдени шараларға 10 мыңдаған мақтааралдықтар қатыстырылды.
Салтанатты жиында ауданға қарасты 11 кент пен ауылдық округтер өз аумақтарында өткен іс-шаралар бойынша стендтер орнатып, қонақтар мен аудан тұрғындары 10 күн бойы өткен іс-шараларды суреттер арқылы тамашалады. Сонымен қатар, салтанатты кештің аясында көкөніс, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, жас спортшылардың шеруі өтті.
1 ғасырға жуық тарихы бар Мақтаарал ауданының кешегісі мен бүгінінен сыр шертіп, тарихын ұғындыратын тарихи жәдігерлері және болашағына бағам жасайтын сан саладағы жетістіктері де көпшіліктің назарына ұсынылды.
Жиын барысында сөз сөйлеген аудан әкімінің м.у.а. Бейсенбай Төребеков сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шыға¬ратын, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін - кез келген мемлекеттің ең осал тұсы екенін тілге тиек етті.
"Әлемнің көптеген елдері секілді, біздің мемлекетіміз де сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Елдің әлеуметтік жағдайын жақсартып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар жасалынып жатқан қазіргі кезде алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту - әрқайсымыздың азаматтық борышымыз деп білемін. Осындай белсенділіктер арқылы халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру үшін күш біріктіруге шақыру - біздің басты мақсатымыз болып қала бермек. Сондықтан, "Адал жолды таңдаймыз" атты жастар марафон-эстафетасын Мақтаарал ауданынан Жетісай ауданына табыстай отырып, баршаңыздың қоғамның дерті болған сыбайлас жемқорлықпен бірге күресуге шақырамын!" - деді Бейсенбай Тасболатұлы.
Осылайша "Адал жолды таңдаймыз" атты жастар марафон-эстафетасының туы мен кітабы Жетісай ауданынан келген өкілдерге табысталып, салтанатты кештің соңы концерттік бағдарламамен аяқталды.