Асқар Мамин: Тұрғындар үшін барлық жағдайды жасау керек


 5d57e2f969b5b.jpg

Премьер-Министр Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде Арыс қаласындағы тұрғын үй секторының, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының қалпына келтірілу, сондай-ақ Түркістан қаласындағы әкімшілік, тарихи-мәдени, әлеуметтік ғимараттардың салыну барысын тексерді.

Арыс қаласында жалпы үйлер саны 8 637, оның ішінде 7 166 тұрғын үй жөндеуді қажет етті. Қазіргі кезде жұмыстардың 97,4% аяқталды. 433 тұрғын үй қайта салынуда. Нысандарда 163 құрылыс компаниясы, 6 мыңнан аса жұмысшы мен 286 бірлік құрылыс техникасы тартылған.

Қаладағы шағын және орта бизнес нысандарын аралау кезінде Үкімет басшысына 536 кәсіпкерлік қызмет субъектісінен 509-ы қалпына келтіруді қажет ететіні туралы ақпарат берілді. Қазірдің өзінде 316 бизнес нысаны жұмыс істей бастады.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин стадионға, ауруханаға, мектепке барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Сонымен қатар жергілікті маңызы бар тарихи және сәулет ескерткіші болып табылатын «Арыс-1» теміржол вокзалы аралады.  Президент тапсырмасы бойынша Үкімет құрамына ғалымдар, реставраторлар, тарихшылар, Мәдениет және спорт министрлігінің, Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері кірген комиссия құрды. Комиссия қорытындысына сәйкес, Арыс қаласының вокзалын қалпына келтіру бойынша «Самұрық-Қазына» Қоры жүзеге асырып жатқан жұмыстар оның тарихи-архитектуралық құндылығын жоймайды.  Премьер-министрге вокзалды қалпына келтіру келесі аптаның соңына дейін аяқталатыны туралы баяндалды.

Арыс қаласында барлығы 66 әлеуметтік нысан бар, оның 62-сі күрделі жөндеуден өткізілуі керек, ал 4-уі толық қалпына келтірілуі тиіс. Қазір 45 нысанда жұмыстар аяқталды.

Асқар Мамин сондай-ақ Арыс қаласында тұрғын үйлері толық бұзылған 100 отбасыға арналған 52 қос пәтерлі коттеджден тұратын жаңа ықшамауданның салыну барысын көрді.

«Барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, тұрғындар үшін барлық жағдайларды жасау керек», - деген А. Мамин тұрғын үйлерді салу сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды.