Студенттер жатар орынға зәру болмайды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің үшінші бастамасында «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жайына ерекше назар аударылған болатын. Бүгінде бұл бағытта елімізде көптеген жұмыстар атқарылуда.
Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасында «Студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» мақсатында жиын өтті. Онда ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ менеджері Алпамыс Сатыбалдин мен Түркістан облысының кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Берік Кенжебаев мәселені жан-жақты түсіндірді. Мамандардың айтуынша жатақхана базасында нысан иесі коммерциялық алаңдарды құра алады. Яғни бірінші қабаттан асхана, шаштараз, тренажер залын ашуға мүмкіндік бар.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 7 оқу орнында білім алатын 3 234 студент жатақханаға зәру. Сондықтан үшінші әлеуметтік бастаманы іске асыру шеңберінде Түркістан облысында 2022 жылдың соңына дейін 2 880 орынға арналған 8 жатақхана салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 жоғары оқу орны үшін 1 100 орынға лайықталған, ал, 6 колледж үшін 1780 орынға арналған жатақхананың құрылысы жүргізілмек. Аталған жағдайға орай 7 жер учаскесінде объектілерді пайдалануға енгізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта 6 объект бойынша ЖСҚ әзірленуде.
Сонымен қатар, жиын барысында жатақхана жайын жан-жақты түсіндірген сала мамандары бағдарламаға қатысу үшін қаржы орталығына өтінім жасау керектігін айтты. Содан кейін ғана қажетті құжаттандыру процесі іске асырылады.
Биылдан бастап 2022 жылға дейін студенттер, магистранттар мен докторанттарға арнап ең кемі 75 мың жатын орынды пайдалануға беру жоспарлануда.