Шардара ауруханасында компьютерлік томография орнатылды
Түркістан облысы, Шардара аудандық орталық ауруханасының инсульт бөлімшесі компьютерлік томография аппаратымен жабдықталды. Жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталған кабинеттердің ашылу рәсіміне Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев арнайы барып қатысты.
Шардара аудандық орталық аурухананың инсульт бөлімшесінде бұған дейін мұндай медициналық техника болмаған. Жоғары сапалы компьютерлік томография жүйелері Жапонияда шығарылған. Аудан тұрғындарына енді заманауи сәулелі зерттеуден өту үшін бұрынғыдай алыс жолға шығудың қажеті жоқ. Нақты және сапалы медициналық тексеру аудандық аурухана қабырғасында да қолжетімді болып отыр.
Дәрігерлердің біліктіліктерін үздіксіз арттырудың арқасында, аудандық инсульт бөлімшесі Қазақстанда және шетелдерде білімін жетілдірген мамандармен толық қамтылды. Аурухананың орта буын медицина қызметкерлері де Түркістан жоғары медицина колледжінде өз білімдерін жетілдірген.
Ауруханада оңтайлы өзгерістер көп. Емдеу мекемесінің базасында ашылған оңалту орталығы механика-терапиялық аппараттармен, емдік дене шынықтыру, массаждың дәстүрлі және инновациялық технологиялары бойынша түрлі жаттықтыру құралдарымен жабдықталған. Аталған орталыққа келіп емделушілер саны күн сайын артуда.