Тұрғындар тіркелген емханасын жылына бір рет ауыстыра алады

bab9d07611eb8a83ecdbd56afc84606b_resize_w_520_h_.jpg


 

15 қыркүйектен  бастап  15 қарашаға дейін  елімізде  емханаға тіркелу науқаны басталды. Биыл тіркеу eGov электронды үкімет веб-порталы арқылы жүргізіледі. Тіркелу үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша  филиалының  директоры Асхат Бейсенбаевтің берген мәліметі бойынша денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселенің бірі бастапқы медициналық-санитарлық көмектің рөлін күшейтіп, халықты жақын маңдағы қолжетімді учаскелермен (жалпы практика дәрігері) қамтамасыз ету. 

Медициналық ұйымға тіркелу кезінде тұрғын  ең алдымен,  қызметті көрсететін компаниялар тізімінен тиісті емханасын таңдайды. Емханаға тіркелуге қатысты мәліметтерді:

-Жалпы тәжірибедегі емдеуші дәрігерден;

- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру fms.kz ресми сайтынан;

-1406 бірыңғай байланыс орталығынан білуге болады.

 Жалпы, Түркістан облысы  бойынша  медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдардың саны – 74. Оның ішінде, мемлекеттік - 40, жеке меншік – 34  мекеме құрайды.  Емханаға egov.kz порталы арқылы тіркелуге болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбаның болғаны жөн. Содан соң «Денсаулық сақтау» бөлімін таңдау керек. Мұнан соң, «Медициналық көмек - қызметтер», «Алғашқы медициналық –санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» - «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басып, электронды форманы толтырып, сұраным жібереді. Пациент емханаға бір күнде тіркеледі.

Тіркелу науқаны аяқталмастан бұрын емханаға тіркелген-тіркелмегеніңізді анықтап қойғанның артықтығы жоқ.  Шұғыл жағдайларда жүгінген кезде науқас  кез -келген емханадан, оған тіркелмей-ақ, қызмет ала алуына болады. Сондай-ақ,  азаматтар емхананы тіркеу науқанынан басқа уақытта да ауыстыра алады. Яғни, басқа жерге қоныс аударған жағдайда жылына бір рет, емдеу мекемесі қайта құрылса немесе Қормен келісімшартты бұзған жағдайда басқа емдеу мекемесіне тіркелуге болады. Сонымен қатар, елімізде тұратын әр тұрғын жылына бір рет өзі тұратын аумақтық бірлік шеңберінде емхана ауыстыра алады.