Қажеттіліктер кезең-кезеңімен реттелуде

71787819_428618424435615_7884078303408029696_n.jpg

Төлеби ауданында жолдарды жөндеу, елді мекендерді ауыз сумен, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, мектептерді, емдеу орындарын жаңалау сынды қажеттіліктер кезең-кезеңімен реттелуде. Мұндай жұмыстар аудан тұрғындары мен қонақтарының жайлылығын арттыру мақсатында едәуір ауқымда жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазіргі таңда Ленгір қаласындағы Төлеби көшесінің 6 шақырым жолының жөндеу жұмыстары басталды. Оған республикалық және облыстық бюджеттен 230,0 млн теңге қаралған.

Ендігі кезекте қала көшелерін жөндеу мен абаттандыру жұмыстарымен қоса аялдамалар, суағарлар жаңартылып, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін аяқ жолдары кеңейтіліп, жасыл желектер молаяды.

Ленгір қаласын абаттандыру, көркейту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Алда атқарылатын жұмыстар өз кезегімен жалғасын табатын болады.

Бұған дейін де мәлім болғандай, Ленгір қаласының Төлеби және Бірлік көшелерін абаттандыру жұмыстарына Республикалық бюджеттен 311,0 миллион теңге қаражат бөлініп, жұмыстар басталды.

Сондай-ақ, Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округіндегі ұзындығы 6,2 шақырымды құрайтын Біркөлік-Екпінді елді мекен автожолын абаттандыру жұмыстарын «ПМК-7К» ЖШС-гі атқаруда. Жоба құны 301 689,0 теңге.