Теміржолшылар қаласында «Арбат» салынуда

70703415_974884559511254_3019376246904586240_n.jpg


Арыс қаласындағы 5 бірдей Социалистік Еңбек Ері, 6 бірдей Кеңес Одағы батырының мүсіні орнатылған «Батырлар аллеясы»  толығымен жөнделді. Бұл туралы арыс қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жолдары жаңартылып, заманауи жарық шамдар орнатылып, жаңа су бұрқақ іске қосылып, айналасы абаттанды.

-Арыс қаласының көркіне одан әрі сән бере түсу үшін қаламыздағы Т.Тәжібаев және Майлы қожа көшелерінің аралығындағы Мұсабек батыр көшесі бойынан ұзындығы 390 метрді құрайтын қала тұрғындарының демалыс орнына және серуендеуіне арналған қала көркіне сән беретін әсем «Арбат» салынуда.

Қазір таңда құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Бүгінде құрылыс алаңына айналған Мұсабек батыр көшесі жақын арада арыстықтардың сейіл құратын сүйікті мекеніне айналады,-делінген әкімдіктің таратқан мәліметінде. 

Төтенше жағдайдан кейінгі 90 күнде қала толықтай өзгеріп, жасара, жайнай түскен.

Арыс – Орта Азия қақпасы, тоғыз жолдың торабы атанған теміржолшылар кенті. Халқының басым көпшілігі шойын жолда қызмет етеді. Елдіктің туын көтеріп, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан әрбірінің еңбек жолы теміржолмен тамырлас. Қазақстанның заманауи экономикасының қалыптасуында теміржол көлігінің маңызы зор екенін ескерсек, биыл Арыс қаласының 1-теміржол вокзалына 115 жыл толып отыр.

Жылдар бойы талай жолаушыға жол сілтеген ғимарат биыл жаңа кейіпке енді. Қала өміріндегі тарихи және стратегиялық маңызы бар 1-теміржол вокзалына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Іргетасы 1904 жылы қаланған көне ғимараттың іші-сырты толық жаңғыртылды. Ең бастысы ғимараттың тарихи сәулеті сақталып, сан мыңдаған ұрпаққа мұра болып қалмақ.