Тайқазан - Түркістанға туристерді тартушы жәдігер
Еуропадағы ең ғажайып сурет қайсы десе, көпшілік Леонардо Да Винчи салған Мона Лиза портретін айтады. Мона Лиза картинасы – Еуропаның өнер әлемінің паспорты. Көптеген туристер Еуропаға, оның ішінде Францияға аталған картинаны көру үшін ағылады. Ел астанасы Париждегі Лувр музейінде орналасқан бұл картина барша туристердің көзайымына айналған. Парижге келген адам міндетті түрде Лувр музейіне кіріп, картинаны бір көріп кетпесе көңілдері көншімейді.
Міне, дәл осындай жағдайға Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» қорық музейі де ұмтылып келеді. Бүгінде қорық-музейге қарасты Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде көптеген тарихи жәдігерлер бар. Осы кесенедегі ең үлкен зал – қазандық деп аталады. Қазандық – кесененің күмбезбен жабылған негізгі салтанатты бөлмесі. Мұнда көнеден келе жатқан киелі Тайқазан орналасқан. Оның диаметрі – 2,2 метр, салмағы 2 тонна. Қазіргі таңда көптеген туристер тайқазанды көру үшін арнайы алыстан ат арылтып келіп жатады.
Аңыз бойынша, Тайқазан Қарнақ ауылында сирек кездесетін жеті металдың қорытпасынан жасалған. Тайқазан түркі тайпалары ынтымағының және қонақжайлылығының белгісі. Кезінде саяси себептермен Эрмитаж музейінде біраз уақыт тұрған тайқазанды көру үшін Мәскеуге жан-жақтан ағылған туристер аз емес. Кейіннен тайқазан Қазақстанға, оның ішінде Түркістанға қайтарылды. Бүгінде Түркістанға келген әрбір турист міндетті түрде кесенеге соғып, Тайқазанды арнайы көріп кетеді. Кесенедегі гид мамандар туристерге тайқазан жөнінде толыққанды ақпараттар беріп, кесене ішінде оларға экскурсия жасайды.