Түркістан көшелері көркейіп, жаңа реңге енуде

a6760e20c8c058625e003b0691916e53.jpg

Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Оның ішінде 227,9 шақырымы асфальт көшелер, 461,3 шақырымы шағал тас. Қалған бөлігі топырақ жолдар. Қаланың орталық аумағында орналасқан басты көшелер мен оларды кесіп өтетін қиылыстар күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Орташа жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілетін көшелердің жалпы ұзындығы 68 шақырымнан асып жығылады. Алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстар бүгінде өз қарқынын жоғалтпаған. Қазіргі таңда 19,5 шақырым тасарық (лоток), 35,8 шақырым аяқ жол мен 4,5 шақырым велосипедпен жүруге арналған жолдардың құрылысы аяқталған деп хабарлайды қалалық "Түркістан" газеті.

Қаланың көркею жолында тасжолдардың алар орны ерекше. Автокөлік тізгіндеген тұрғындар жолдың жөнделгеніне қуанышты. Нұрлыбек Сабиров өзінің көлігімен жолаушылар тасымалдап, отбасын асырап отыр.

«Қасиетті шаһар әлі де гүлденеді. Қазірдің өзінде көшелер бір ретке келіп қалды. Бұрын көлігім жолдың сапасыздығынан жиі бұзылатын. Қазір жол жөндеу жұмыстары басталғалы бері жететін межелі жерімізге жылдам жетеміз. Барлығы замануи үлгіде жасалып жатқаны қуантады. Жақында ғана С.Қожанов көшесіне салынған 3D форматындағы жолаушылар өткелі көңілімізден шықты. Басты көшелерден қосымша көшелерге бұрылатын қосалқы бұрылыстар да тас жолдағы кептелісті азайтады»,- дейді қала тұрғыны.

Осы жылдың сәуір айынан бастап қаланың бас қақпасына апарар жол – Бекзат Саттарханов даңғылында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Көше 2 жолақты жолдан 3 жолақтыға кеңейтілуде. Қазіргі уақытта қара қиыршық тас және ірі түйіршікті асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Б.Саттарханов даңғылымен қатар басталған Шәуілдір тас жолы күрделі жөндеуден өтіп, бүгінде 2 жолақты жолдан 4 жолақтыға кеңейтілді. Өткен жылдың қараша айында Шекті-Тілеу Жібек жолы мен Майкотов көшелеріне де күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Бас мердігер «АҚ-ЖОЛ» ЖШС-гі бүгінде аталған нысандардың 90 пайыз жол жабындысын қайта жаңартып үлгерген.

Жалпы қалада 875 көшенің 52-сі жарықтандыру жүйесімен қамтылған. Олардың барлығында ескі жарық бағаналары орналасқан болатын. Орташа жөндеу жұмысы барысында 25,12 шақырым жарық жүйесі заманауи үлгідегі жарық үнемдеуші диодты жарық шамдарына ауыстырылады. Мердігер мекемелер демонтаждалған бағаналарды түзету, сырлау жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда С.Қожанов көшесінің жарты шақырымына және Тоққожаев көшесіне бағаналар орнатылып үлгерген.

Бүгінде құрылысы толық аяқталған жолдарға жолақтар түсіп, аяқжолдар мен өткел сызықтары салынуда. Тоғыз жолдың торабы, еліміздің оңтүстігіндегі алтын қақпасына айналған Түркістан қаласы осылайша түрленіп, туристердің сүйікті мекеніне айналмақ.