Біріккен Араб Әмірлігінен келген қоғам қайраткерлері «Әзірет сұлтан» қорық-музейімен танысты

66456852_1322300457926599_8062462180840177664_n.jpg

Түркістан қаласында оң өзгерістер көп. Өткен жылдан бері қаншама жұмыстар атқарылды. Қала күннен-күнге тотыдай таранып гүлденіп келеді. Қалаға жан-жақтан келуші туристер саны артып жатыр. Түркістанға қарапайым шетелдік азаматтардан бөлек танымал азаматтар да арнайы ат басын бұруда. Олар тасын түртсең тарихы сыр шертетін Түркістанда туристерді жан-жақтан тартып отырған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне Біріккен Араб Әмірлігінен бірқатар танымал қоғам қайраткерлері, жазушылар, жоғары оқу орындарының ұстаздары, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері келді.

Делегацияны бастап келген Халықаралық мәдени дипломатия институтының негізін қалаушы және басқарма төрағасы доктор Мухаммед аль-Муайни Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде құран бағыштап, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейімен танысты. Арнайы гидтер араб ғалымына Түркістан өңірінің тарихы жайлы сөз қозғап, қала туралы, кесене туралы тың мағлұматтар берді. Өз кезегінде ғалым Түркістанның туристік әлеуетіне оң баға берді.