Рашид Аюпов: «Қазір дамып келе жатқан туристік бағыт – креативтік индустрия»

Screenshot_4.jpg

Түркістан қаласының туристік әлеуеті мол. Оған дәлел, Түркістанға саяхаттап келуші туристер саны жылдан-жылға артуда. Осы қарқында түсіріп алмаған абзал. Биыл Түркістан қаласының жаңа әкімі болып Рашид Аюпов тағайындалған болатын. Рашид Абатұлы бүгінде қаланың туристік әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар жұмыстарды қолға алды. Жақында ол журналистерге берген сұхбатында қаладағы туристік ахуал жөнінде ой-пікірлерімен, жоспарларымен бөлісті. 

- Статистикаға сүйенентін болсақ, өткен жылы Түркістанға 1 миллион 200 мың адам келген. Бұл тек қана сыртқы туризм. Біз Кентаудан, Шымкенттен, Жетісайдан келгендерді, жалпы Қазақстан саяхатшыларын санап жатқан жоқпыз. Шетелден келген адамдарды ғана есепке алып отырмыз. Сырттан келетін азаматтарға не үшін бұл жер қызық? Біз оларға қызығушылығын оята алатындай не көрсете аламыз? Мысалы, Түркияның азаматы Францияға емес, Түркістанға не үшін келуі керек? Біз сұрақты осылай өзімізге қоя білуіміз керек. Соған әрекетімізбен, жасаған жағдайымызбен жауап бере алуымыз қажет. Түркияны мысалға келтіріп отырғаны себебім, Ататүрік құрған мемлекет Еуропаның ортасында орналасқан. Азаматтары Еуропаны өте жақсы біледі, Еуропаға өте бейімделген. Бірақ, түріктер Түркістанды атажұрт деп есептейді. Осыны дұрыс пайдалану да маңызды.

Барлық нәтиже дұрыс ұйымдастыру білуге, тиімді жұмыстарға, мақсатты жұмсалатын қаржыға, уақытқа байланысты екені мәлім. Дегенмен, қазір екі түрлі бағытта бизнес жобалар бар, іс-шаралар туризмін әзірлеп отырмыз. Барлық жоба қолымыздан келетін нақты істерге негізделген. Мысалы, қонақ күту және кермет ас мәзірін дайындау. Біз осыны пайдалана отырып, тамақ фестивалін өткізсек. Шетелдіктерді шақырсақ қонақжайлығымызға қызығып келеді. Одан кейінгі дамып келе жатқан туристік бағыт – креативтік индустрия. Жәй ғана көшеде фотоаппаратпен сурет түсіру емес, дұрыс ракурста түсіріп, соның көрмесін өткізу. Немесе қолдан әдемілеп графика немесе өзгеше бір зат жасап, оны әлемге паш ету. Яғни, осы креативтік индустрияны қолдана отырып, жаңа жылдан бастап көптеген шараларды ұйымдастырамыз. Тағы бір мысал, қалада 500 мыңнан артық қызғалдақ егу жоспарланған. Қызғалдықтың құлпырған кезеңінде қызғалдақ фестивалін шақырамыз. Оған шетелдіктер көп келеді деген үміттеміз. Өйткені қызғалдақтың отаны – Қазақстан! Бұл дәлелденген дерек, бәрінің білесіздер. Голландия елімен келісіп, осы жерде үлкен қызғалдақ көрмесін өткізіп, қалай өсетінін толыққанды көрсетеміз. Одан кейін Наурыз мейрамында тамақ фестивалін өткізіп, салт- дәстүрлерімізден кең мағлұмат беруге, тарихымызбен таныстыруға болады. Мысалы, Сингапур мемлекетінде жабық климатикалық жағдайда сақтайтын өздерінің саябағы бар. Кірсеңіз, Африкада да өсетін, Ресейде де өсетін, басқалар да да бар гүлдейтін ағаштарды көресіз. Олар жыл сайын Еуропадан түрлі ағаштарға тапсырыс береді. Келіп егеді, соның гүлдегенін көрсетеді. Туристер тамашалап кеткен соң алады да қоқысқа тастайды. Келесісін тағы шақырады. Неге? Өйткені оған шығарған қаржысы келген туристермен еселеп қайтады. Қаншама табысқа кенеледі. Ол ағаштар Сингапурде өспейді. Климатын жерсінбейді, бірақ, соны туристер үшін жасайды. Біз олай алып тастамаймыз. Өйткені көп көшет біздің топыраққа жерсінеді. Сондықтан гүлдейтін ағаштарды өзіміздің іс-шараларда пайдалана отырып, туристерді шақырсақ деген де жоспар бар. Әлемдік мемлекеттер саммиті сияқты үлкен-үлкен бағыттағы жиындарды Түркістанда өткізуге тырысамыз. Осы мақсаттағы келіссөздерді қазірден бастап жатырмыз, - деді шаһар басшысы.