Қала әкімі Түркістанға келген турист керемет әсермен қайтуы керектігін айтты

227d33dd-5d17-4e95-afab-d697b99a0eb1-1024x682.jpg

Туризм саласының келешегі зор. Жалғыз туризм арқылы мемлекеттің бүкіл шығынын жабуға болады. Тек туризммен күн көріп отырған мемлекеттер өте көп. Күні кеше өңірдегі журналистермен кездесу өткізген Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов киелі шаһардың туристік потенциалына кеңірек тоқталды. Жалпы, қала бюджетін 100 пайыз туризм арқылы толтыруға бола ма? Бұл сұраққа Рашид Абатұлы: 

– Иә, болады. Мысалы, Лондон қаласында бірде-бір ескі ғимарат жоқ. Яғни, олар үшін 300 жылдық тарихы бар үй көретін зат емес. Оларда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сияқты тарихы терең нәрсе жоқ. Бірақ, инфраструктурасы өте қатты дамыған. Бір жылда Британия астанасы 200 миллиард доллар табады. Туризмнен табыс табуға Түркістанның да потенциалы бар. Осы бағытта жұмыс істеп, бүкіл мүмкіндігімізді қарастыруымыз керек. Түркістанға келген турист өкінішпен емес, керемет әсермен, қайтып келсем деген арманмен кетуі қажет. 

Көрші ел Өзбекстанның астанасы Ташкент тұрақтауға керемет. Бірақ туристердің баратын жері – Самарқанд, Хиуа, Бұқара. Ол жерлерге жедел пойыздар қатынайды. Барсаңыз, ол жерде кішкентай балаларға дейін ағылшынша сөйлеп жүреді. «Зат алыңыз» деп қиылып тұрады. Туристерге үйренген. Шетелдік саяхатшыларға да керегі сол. Олар келмей жатып, баратын жерлері туралы бүкіл ақпараттан хабардар болады. Аялдайтын жерін де, сататын орнын да біледі. Ал, Ташкентке қыдыру үшін барады. Бірақ, Ташкентте шектеу көп. Суретке, камераға түсуге рұқсмат етпейді.

Қазір сол туристерді пайдалану үшін Түркістан – Шымкент – Ташкент бағытында жедел пойыз жүргізу мәселесі қарастырылып жатыр. Дегенмен, Түркістан облысының өз әлеуеті бар. Мысалы, неге Түркістанға келген адамға Сауран туралы айтып, сол жерді көрсетпеске? Оның да тарихы терең. Неге бізге динозаврдың сүйегі табылған Оранғайды көрсетпеске? Неге Ақмешітті көрсетпейміз? Неге Гауһар анаға апаруға болмайды? Ондай баратын жерлер өте көп. Бізде тек ақпарат өте тапшы. Өзбекстан сияқты кең мағлұмат жоқ. Егер жоғарыда айтқанымдай тұтынушының жол жүру картасын жасап, ақпараттармен толық қамтуға қол жеткізсек, Түркістанға бір күнге келген турист Сауран, Оранғайға бару үшін екінші түнге қалуы мүмкін. Оларды қызықтыру үшін, мысалы, сол тарихи орындардан темір іздегішпен тиындарды табуға рұқсат берсек. Бірақ, талап біреу – табасың, қалдырып кетесің. Туристе «мен таптым!» деген қызығушылық болуы тиіс. Осындай мүмкіндіктерді қарастырғанымыз абзал. Сауран Түркістаннан алыс емес. Оған апаруға мүмкіндік бар, жол керемет! Тек толық контентімен гид керек. Укаш атаға да баруға болады. Оның басына куар-код қойылғанымен ол жерде интернет жоқ. Сондықтан сауатты гид керек. Бірақ, бұл бағытта кейбір азаматтарымыз басқаша аңыз айтып кетеді. Одан өтірік ақпарат алып кеткен туристердің Түркісанға деген көзқарасы өзгеріп қалуы мүмкін. Ондай болмас үшін бізде арнайы даярланған гидтер болуы тиіс. Қазір осы бағытта тиісті облыстық барқармамен жұмыс жасап жатармыз. Яғни, Түркістан орталығы болып, сыртқа шығып келуге маршруттар қойылуы тиіс. Келген адамға Отырардағы Арыстан бабты, Қаратауға, Алатаудың баурайындағы шаңғы базасына, Қасқасуға барып демалуға ұсыныс айтуға да болады.  Міне, осындай бай тарихымызбен қатар демалыс аймақтарымыздың да мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алсақ, көршілерден асып түсуге әбден болады. Өйткені бізде тарихи, киелі орындар, табиғаты тамаша демалыс аймақтары мол, - деп жауап берді. Қала әкімінің айтуынша, алдағы уақытта Түркістанның туристік әлеуетін арттыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылатын болады.