Түркістан көшелері көркейіп келеді
Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістан үлкен құрылыс алаңына айналып, бүгінде жұмыстар қызу жүргізілуде. Шетелден келетін қонақтарға, туристерге жағымды әсер қалдыру мақсатында, қала тұрғындарына сапалы өмір сүруге жағдай жасау мақсатында қаладағы негізгі көшелерге асфальт төселіп, тас арықтар мен жаяу жүргіншілер жолы салынып, жаңартылуда деп хабарлайды Түркістан газеті.
Түркістанды түлету жолындағы қарбалас тірлік арасында құрыш қолды құрылысшылардың орны тіптен бөлек. Бұлай айрықша атап отырған себебіміз, жаздың аптап ыстығында еңбек етпек түгілі, қараңғы үйде жатқан кей жандардың шекесін тырыстырып, әбігерге салып жатқаны баршамызға аян. Осы орайда, жоспарланған межеге қол жеткізу жолында уақыттан бұрын күннің ыстығына қарамай қасиетті шаһардың ажарын ашуға елеулі үлес қосып жүрген құрылысшылар күнінің орны бөлек. Тамыздың екінші жексенбісімен ұштасқан мерекенің ұлық мейрам – Құрбан айтпен тұспа-тұс келуінің өзінде мән жатқандай.
Осынау мереке қарсаңында А.Исетов басқаратын «Тас жол» ЖШС мекемесінің жұмысымен таныстық. Бүгінде құрылыс мекемесі қаладағы М.Сұлтанов, Шәкәрім, Р.Дастанова, Ш.Айманов және Ататүрік көшелерін қайта жаңғырту жұмыстарын атқарып жатыр. Құрылысшылар саннан бұрын сапаға мән берген.
– Осы уақытқа дейін қаламызда көлемді жұмыстар атқарылды, мұндай еңбек қарқыны әлі де жалғаса бермек. Есесіне, алдағы жылдары Түркістан қаласы көркейіп, әсем де шырайлы қалаға айналады. Құрыш қолды құрылысшылардың арқасында жұмыс қарқыны бір сәт те бәсеңдемейді. Кәсіпорында барлығы 43 білікті жұмысшы, 8 инженер-техник қызметкері киелі Түркістан қаласын әлемдік дәрежедегі туризм орталығына айналдыру жолында білек сыбана кіріскен. «Еңбек еткеннің еңсесі биік» демекші, кәсіпорында ұзақ жылдардан бері тер төгіп келе жатқан бригада жетекшісі Мұрат Ибраевтың ұйымдастырушылық жұмыстарын ерекше атап өткеніміз жөн. Механик Балтабай Ерімбетов, каток айдайтын Азим Аметов, тасты қажетті мөлшерде майдалайтын құрылғы операторы Орынтай Ташымбетов, тәжірибелі операторлар Мұрат Исмайлов, Бахтияр Искаков, сондай-ақ Ибрахим Досанов, Абдушукур Алиев, Бахтияр Исраилов сынды техниканың тілін жетік меңгерген ұсталар мен асфальт бригадиры Абдували Керімбеков, механик бригадир Ерлан Абдуллаевтар жемісті еңбектерінің арқасында мемлекет басшысының Түркістанды түлету жолындағы нақты тапсырмаларын іс жүзінде дәлелдеп, өз міндеттерін сапалы орындауда, – дейді кәсіпорын басшысы Алымжан Исетов.