Цитадель қақпасын көру үшін келетін туристер саны көп
Дамыған елдердің азаматтары Орта ғасырлық тарихы мол, әрбір тасы тарихтан сыр шертетін өлкелерге саяхаттап барғанды қалайды. Осындай жерлер оларға эстетикалық рахат сыйлары анық. Тұран даласындағы Түркістан қаласында сонау дәуірлерден бері сақталған нысандар саны өте көп. Көпшілік тарихи фильмдер көргенде қаланың сыртқы қоршауына мән береді. Қоршау - қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуші негізгі нәрсе. Мысалы, бүкіл әлем халқы тамашалаған "Троя" фильмінде жау қалаға биік қоршауынан асып өте алмай, ақырында ағаштан ат жасап, қулық арқылы қақпадан өтеді. Шыңғыс хан 6 ай бойы қақпасы мығым Отырарды ала алмайды. Сондықтан да, тарихта қоршаудың алар орны ерекше.
Мұндай қоршау Түркістанда да бар. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің құрамындағы Цитадель қақпасы туристердің зор қызығушылынын тудырған. Бұл қақпа ХVІ-ХІХғғ. республикалық мәртебеге ие ескерткіш. Координаттары: 43˚17.912΄, 068˚16.376΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 216м. 1980 жылдары қайта қалпына келтірілген. Қақпа қала қорғанының шығыс бетінде 1979-1984жж. археологиялық зерттеулер нәтижесіне сүйеніп, кейінгі ортағасырлық құрылыс мәнерінде салынған. Екі жағында мұнарасы бар. Мұнараға айналма басқыштар арқылы шығады. Сол арқылы қорған дуалымен жағалай жүруге болады. Қорған дуалы тәрізді қақпаның да жоғары бөлігінде оқ атқыш көздер мен жеті тіс қарастырылған. Қақпаның өзі екі жақтаулы ағаш есіктен тұрады. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.5 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.
Қазіргі таңда туристер Цитадель маңына келіп, мұнда фотоға түсіп, қоршауға ұзақ қарайды. Осы арқылы олар өткен заманға ойша саяхаттай алады.