Түркістанда жаңбырлатып суару арқылы диқаншылықты дамытпақ
«Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» бойынша Түркістан қаласы аумағында 70 млрд теңгені құрайтын 8 ірі жоба іске асырылатын болады. Аграрлық саладағы азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ағын су тапшылығын жою мақсатында су нысандары құрылысын жүргізуге үлкен басымдық беріліп отыр.
Құрамына 74 шаруа қожалығы біріккен «Ынтымақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жаңбырлатып суару әдісімен 4 дана T-L маркалы қондырғысын пайдалануды жолға қойды. Кентау қаласына қарасты Шаға ауылдық округіндегі кәсіпкерлер иелігіндегі 1018 гектар жер телімінің 400 гектарына күзгі бидайдың егілуі жоспарланған.
“Жыл аяғына дейін тағы 18 заманауи қондырғыны орнатуды көздеп отырмыз. «Арыс-Түркістан» каналынан 4 жүйе арқылы су келеді. 3,5 метрлік бассейнге жиналған су қондырғыларға насос арқылы жеткізіледі. Су тапшылығы болмас үшін ұңғыма (скважина) қаздырып жатырмыз. Енді жасанды жаңбыр арқылы диқандар жұмысы жеңілдейтін болады. АҚШ-та жасалған құрылғының ұзындығы 4600 метрді құрайды”, – деді кооператив төрағасы Бақытжан Байжомартов.
«500 млн теңгені құрайтын жаңбырлатып суару жобасы алдағы уақытта өнімді 2 тіпті 4 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді» – деген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов аймақ бойынша күздік егістік жұмыстар басталғандығын атап өтті. Айтуынша, қала аумағындағы қожалық иелеріне жыл сайын 180 млн текше метр ағынсу жетіспегендіктен 7500 агро құрылым 6 млрд теңгенің өнімін жоғалтады.
Мәселені шешуде 145 шақырымды құрайтын «Арыс-Түркістан» каналын 60 шақырымы күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Оның ішінде 5 шақырым абаттандырылып, Есіл жағалауы секілді демалыс орнына айналады деп күтілуде. Жоспарға сай мұнда жаяу жүргіншілер және веложол төселіп, орындықтар қойылып, жарықшамдар орнатылады.