Түркістанды абаттандыру жұмыстары қызу жүргізілуде

Screenshot_28.jpg

Түркістан қаласына келуші республика азаматтары мен шетелдік қонақтар саны артуда. Осыған орай, қалада тазалық мәселесін реттеу басты назарға шығады. Себебі, тазалық - туризм негізі. Қалаға алғаш келген адам тап-таза болып жатқан төңіректен дем алатыны анық. Ал лас жер оларды кеудесінен итереді десек болады. Сондықтан да қаланы таза ұстау - кезек күттірмейтін тірлік. 

Түркістан қаласына қарасты Бірлік елді мекеніне жауапты Жетісай ауданы, облыстық қоғамдық даму басқармасы, Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі өздеріне тиесілі 15 сектор бойынша сенбілік жұмыстарын апта сайын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бүгін жоғарыда атап өткен аудан, басқарма, бөлім қызметкерлері Бірлік елді мекенінің аумағында абаттандыру жұмыстарына білек сыбана кірісті. Сенбілік басында қалалық "Түркістан" газетінің тілшілері Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбековке жолықты.

Қасиетті шаһар облысымыздың орталығы ретінде бізге бөлінген 15 сектор, яғни Бірлік елді мекенін тазалау, абаттандыру жұмыстарына ден қойып келеміз. Өткен аптада елді мекеннің тазалық жұмыстарын жүргізсек, осы апта тал егу жұмыстары бойынша оның орнын қазып жатқан жайымыз бар. Бүгін өзім бастап, 140-ға жуық жетісайлық мемлекеттік қызметкерлер өздеріне тиесілі аумақта жұмыстар жүргізуде. Тал егу жұмыстарын алдағы 19 қазаннан бастап, 3 кезең ішінде 10 мыңға жуық түп отырғызу көзделіп отыр. Сонымен қатар, бүгінгі таңға дейін 3 аялдама орнаттық, алдағы уақытта тағы 6 аялдама тұрғызу жоспарымызда. Бірлік елді мекені 984 гектар жерді құраса, онда 57 көше орналасқан, тұрғындарының саны 1282-ні құрайды. Біз еккен ағаштарды күтіп баптауға, әрбір тұрғын өз үйлерінің айналасындағы талдарды суғаруға күш салса, еткен еңбегіміз өз жемісін береді”, – дейді Мақсат Жанұзақұлы.

Соңғы кезде Түркістан облыс орталығы ретінде көркейіп, абаттанып, дамып келеді. Шаһарда ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Көше бойлары түгел жарықтандырылып, қала заманауи үлгіде дамуда. Қаламыздың осылай көркейіп жатқанын көріп қала тұрғындары ыстық ықыластарын білдіріп жатыр.