Қала әкімі қарттарға құрмет көрсетті
Бүгін Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қаладағы «Шахсарай» мейрамханасында қазыналы қарттарымыздың басын қосып, оларға ерекше құрмет көрсетілді. Қазақта үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрлеріміздің бірі болып табылады. Ол кісілердің өмірлік тәжірибелері мен ақыл кеңестері, тәлім-тағылымдарының біз үшін орны бөлек. Себебі, қаладағы бүгінгі қарияларымыз кезінде облыстың, қаланың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтар. Олар басшылық қызметте жүргенде қаншама жастарды тәрбилеп, ізбасарларға жол сілтеді. Бүгінде олар еңбектің зейнетін көріп отырған шақта ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін көрсетуден еш жалыққан емес.
Шара басында қала әкімі Рашид Аюпов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ғ.Сәрсенбаев қарттарға жылы лебіздерін білдіріп, бір топ қарияға алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ж.Мәуленқұлов сөз сөйлеп, қаланың дамуына сүбелі үлес қосқан аналарымызға М.Ибрагимова мен Р.Шарафиеваға «Аялы әже» төс белгілерін табыстаса, қаламыздың Құрметті азаматы, еңбек ардагері Кеңесбек Бөкебаевтың иығына шапан жапты. Шара барысында қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, қазыналы қарттарымызға мерекелік кеш сыйлады.