Қала әкімі әлеуметтік желі арқылы келіп түскен өтініштерді қарады

Screenshot_8.jpg

Кеше кешқұрым уақытта қала әкімі Рашид Аюпов бастаған әкімдік қызметкерлері 1 және 2-мөлтек ауданның 2 ауласындағы 9 көпқабатты үйді аралады. Көпқабатты тұрғын үйлердегі негізгі мәселе – қысқы маусымға дайындық пен жылу қазандықтарының талапқа сай жұмыс істеуі. Бұл – қаһарлы қыс жақындағанда туындайтын басты жайттың бірі де бірегейі. Сондықтан да, шаһар басшысы әлеуметтік желіге келіп түскен өтініштерге зер салып, өз көзімен анықтап қайтты. Тексеріс барысында жертөледегі сарқынды су мен құбыр, жылу мәселесі қадағаланды. Бұл туралы қалалық "Түркістан" газеті хабарлайды. 

Жылу өз деңгейінде берілуде. Алайда, жазғы уақытта қысқы маусымға байланысты жылу жүйесі талапқа сай жүргізілмеген. Бұл жұмыс жазда алдын ала жасалуы тиіс болатын. Осы мақсатта, қалада аталған сауалға жауап беретін сервистік мекеме болмағандықтан ОҚО үйлерді басқару ЖШС сервистік компаниясы жұмыс істеуде. Олар 1-2-мөлтек аудандағы жалпы саны 75 көпқабатты үйдің 24-мен келісім-шартқа тұрған. Аталған мәселе бойынша бұл мекеме де жұмысын ширатпақ.

Бақылау барысында сыртқы ауа температурасына байланысты жылу беріліп жатқандығынан халық хабардар болды. Ал, кейбір үйлерде өзіндік ішкі жөндеу жұмысына байланысты олқылықтар орын алған. Мамандар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мәселенің басын ашуға тырысты.

Жертөледегі қоқыс таңданыс туғызбай қоймады. Бұл ретте тиісті шаралар көріліп, сенбілік жұмысы көпқабатты тұрғын үйлерде де жанданатын болады.

Айта кетейік, шаһардағы жалпы саны 87 көпқабатты үйге 25-қазаннан бастап жылу берілген болатын. Оның 12-сі Отырар мөлтек ауданында, ал, 1-2 мөлтек ауданда 75 көпқабатты үй бар.