Түркістанда көпқабатты үйлерде газды тұтыну ретке келтіріледі

Screenshot_1.jpg

Бүгін қала әкімдігінің кіші мәжіліс залында шаһар басшысы Рашид Аюповтың төрағалығымен апталық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралып, қосымша бюджеттің игерілу болжамы да кеңінен айтылды. Бұл туралы қалалық "Түркістан" газеті хабарлайды

Қаладағы 1-2 мөлтек аудандағы 75 көпқабатты үйде жалпы саны 2800 пәтер бар. Оның 1219-ы табиғи газ пайдаланса, 1241 пәтерге ішкі монтаждау жұмыстары жүргізілген. Демек, қалған 340 пәтерге газ құбыры жүргізілмеген. Газ баллондарды пайдалану нәтижесінде жазатайым оқиға болған жағдайда, сіздің және көршілеріңіздің өміріне қауіп төнуі мүмкін. Қала басшысы мұны ескере отырып, алдын алу үшін барша тұрғындардың табиғи газды тұтынуын қадағалауды тапсырды.

Жұмыспен қамту шаралары бойынша негізгі көрсеткіштердің 2019 жылғы 10 айы мен орындалу барысын баяндаған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы М.Казихановтың дерегінше, Түркістан қаласы бойынша жалпы 3686 адам әлеуметтік шаралармен қамтылды. Оның ішінде санаттары бойынша жұмыссыздар – 1327, өздігімен жұмыспен қамтылғандар – 627, ал жұмыс іздеушілер – 1252 адамды құрап отыр.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде техникалық, кәсіптік біліммен және қысқы мерзімді қайта даярлауға жалпы 825 азамат жоспарланған. Нәтижесі 100-ден жоғары пайызды қамтып отыр. Нақты айтсақ, олар аспаз, даяшы, электромонтер, дәнекерлеуші, құрылыс шебері, тігінші сынды мамандықтар бойынша орта арнаулы оқу орындарында білім алуға жолданған.

Сонымен қатар, әкім аппараты, құрылыс, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қатысты жергілікті бюджеттің болжамды игерілуі бойынша ақпарат беріліп, уақытылы жұмыс жүргізбеген бөлім басшыларынан түсініктеме талап етілді.