Тәттілерімен «баурап» алды
Түркістанда тұтынушы сұранысын дөп басып, кәсіп көзіне айналдырып отырған жандар да баршылық. Әлеуметтік желі мен интернет алаңы адамның үздіксіз дамуы үшін ізденісте болуына, жеке кәсібінің жарнамасын тұрақты жүргізуіне таптырмас мүмкіндік. Әсіресе, жастар арасында жеке бизнесін қолға алып, идеяларын жандандырып жүргендер жетерлік. Солардың бірі - «Динара торт» кондитерлік цехының негізін қалаушы Динара Закирова. Күнделікті тіршілікте ас пісіріп, тәттілер дайындау қыз баланың міндеті іспеттес. Дегенмен, қайсыбір істе де жетістікке жетелейтін ерекше қабілет пен ептілік. Өзінің қарым-қабілетін еліміздің үлкен шаһарлары мен алыс-жақын шетелдерде шыңдаған Динара 6 жылдан бері осы саланың басы-қасында жүр.
–Алғашқыда тапсырыстарды үйде қабылдап жүрдім. Ісім алға басып, тапсырыс артқан соң үйіміздің жертөлесін жұмыс орным етіп жабдықтадық. Тұрақты тұтынушыларымның қатары арта бастады. Мейрамханалармен де тығыз байланыс орнатып, мерекелік дастархан тәттілеріне тапсырыс алып жүрдік. Өніміміздің сапасына толық жауап бере аламын. Сол үшін де тұтынушыларымыздың саны күн санап артып келеді деп ойлаймын. Міне, облыс орталығы болғалы кондитерлік цех деңгейінде өңірдің көптеген аудандарынан тапсырыс аламыз. Еліміздің басқа да өңірлерінен тапсырыстар келеді. Америка, Корея сынды елдерден де тапсырыс алып көрдік. Ата-анасы осында тұрып, шетелде жұмыс істейтіндердің тапсырысын қабылдап, балаларының орнына құттықтап қайтқан кезіміз де болған. Сапалы өнімге қашанда сұраныс бар, - дейді «Динара торт» кондитерлік цехының басшысы Динара Закирова.
Бүгінгі таңда ұжымда 10 адам жұмыс істейді. Жұмыстың басым көпшілігі арнайы аппараттармен жүргізілетіндіктен, қол күшінің көптігін қажет етпейді. Тәттілерді дайындауда тек табиғи өнімдер қолданылады. Сүт тағамдары Түркістан облысына қарасты Иқан ауылдық округінен жеткізіледі. Қалған қоспалар көршілес Ресей мен Түркия нарығына тиесілі. Техникалық аппараттар Қытайда өндірілген. Әр құрылғы аса ұқыптылықты талап етеді. Сол сияқты, тәтті тағамдарды әзірлеу барысында әр қоспаның мөлшері мен араластырылатын кезегі болады. Пайда болған қоспа қалыптарға құйылып, арнайы қыздырылған пештерге жөнелтіледі. Түрлі «бисквиттердің» өзіне тән пісу уақыты мен градусы бекітілген. Пештен шыққан тәтті нан бірдей бөліктерге бөлініп, суытылады. Артынша креммен әрленіп, дайындалған бәліштер арнайы тоңазытқыштарда сақталады. Күнделікті әзірленген тәттілер тұтынушыларға уақтылы жеткізіледі. Бағасы да қолжетімді.
Заманауи тәтті нандарға қарағанда, «Динара торт» ұжымының сұранысқа ие торттары түрік бисквиті негізінде, кремі табиғи қаймақтан жасалады. Ұжым жыл сайын тиісті тексеруден өтіп, халықаралық стандарттарға сай екенін дәлелдеп жүр. Тексерушілер мен тұтынушылар тарапынан ешқандай шағым жоқ. Мекеме өнімдерінің сапасын аңғартатын Қазақстан Діни басқармасының «халал» сертификаты да бар. Қазір тек күнделікті тапсырыстарды орындап жүрген ұжым, алдағы уақытта үлкен ресторандар желісін ашуды жоспарлап отыр.
Дәл осы салаға сұраныстың жоғарылығына байланысты арнаулы орта оқу орындарында жеке дара мамандық ретінде оқытылуда. Уақытын көп көрсеңіз «Атамекен» бизнес бастау орталығының 3 айлық курсын оқып, білікті маман болып шығуыңызға болады. Арнайы жәрдемақы алып, сәтті бизнес – жоспар құрсаңыз мемлекеттік грант ұтып алуға мүмкіндігіңіз бар. Бұл өз кәсібіңізді бастауға берілген таптырмас нұсқа. Сондай-ақ, осы салада еңбек етіп жүрген жандардың шеберлік сағатына қатысып, үйренуіңізге болады.