Әйелдер бизнеске жаңашылдықпен келеді
Қазақ ежелден әйелді рухани құндылық пен ұлттық тәрбиенің бастауы санаған. Себебі, ұрпақтың санасына ананың әлдиімен сіңетін тәрбиенің маңызы жоғары. Бүгінгі күні қыздарымыз білігі асса билікке, өнері асса бәйгеге де араласып жүр. әйел бизнеске келсе жаңашылдықпен келері анық.
Осы мәселені көтеріп, Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында Түркістан облысы ауыл әйелдерінің форумы өтті.
Мемлекет басшысының ауыл мен ауыл шаруашылығы саласын дамытуда нақты тапсырмалар жүктегені белгілі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске қосылып, заманауи агротехнологияларды қолдануға, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді жаппай оқытуға, саланың жай-күйін дамытуға арналған жұмыстар атқарылуда. Еліміздегі 200 мың шаруа қожалығының 40 мыңын әйелдер қауымы басқарады. Бұл шаруа қожалықтары бүгінде 60 мыңнан аса ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз еткен. Аграрлық саладағы әйелдердің жұмысына да мемлекеттік бағдарлама арқылы көмек көрсетіліп келеді. Қазіргі таңда нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 1500 әйел жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Бағдарлама бойынша 6210 әйел кәсіп бастаудың негізі бойынша білім алып, 174 қыз-келіншекке 735 млн. теңге көлеміндегі 174 шағын несие берілген.
Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, «Жасыл экономика» үшін және G-Global дамыту коалициясы» ЗТБ басқарма басшысы, ҚР Президенті жанындағы Жасыл экономикаға көшу жөніндегі кеңестің мүшесі Салтанат Рахымбекова және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Қаракөз Сүлейменова қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов форумға қатысушы аналарды құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Қаракөз Сүлейменова алқалы жиында жасаған баяндамасында:
«Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Ауыл – алтын бесік. Ауылдың амандығы – елдің амандығы» деп үнемі айтып отырады. Ауыл – халқымыздың бірлігі мен бірегейлігінің, тарихы мен мәдениетінің, ел дамуының қайнар көзі. Яғни ауылды өркендету – мемлекетімізді дамытудың маңызды шарттарының бірі. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қазақстандықтардың хал-ахуалын жақсарту бойынша Үкімет алдына қойған міндеттерді орындауға, жүргізіліп жатқан үрдістерге ауыл халқының жартысына жуықтайтын 4 миллионға таяу әйелдер қауымы маңызды үлес қосуда», - деп келелі әңгіменің тиегін ағытты. Сондай-ақ, ол бүгінгі таңда мемлекеттік басқару саласында әйелдердің үлесі артқанына маңыз берді.
– Аудандық мәслихатта 512 әйел депутат болса, 5 қыз-келіншегіміз аудан әкімі, 348 нәзік жанды ауыл мен ауылдық округтердің әкімі болып еңбек етуде. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ауыл шаруашылығы, халыққа қызмет көрсету орталықтарында да әйелдердің белсенділігі байқалады. Ауылдың инфрақұрылымын дамытуға әйелдер қызу атсалысып келеді, – деді Қаракөз Асқарқызы.
Форум барысында қыздар тәрбиесіне де баса назар аударылды. Сонымен қатар қыз баланы үлкен өмірге мектеп жасынан бейімдеу қажеттігі де сөз болды. Форум аудандардан келген басшы, іскер әйелдердің арнайы дайындалған баяндамаларымен пленарлық отырысқа жалғасты.