Рашид Аюпов балғын кәсіпкерлердің бастамасын қолдады
Түркістанда тұңғыш рет жас кәсіпкерлердің бизнес-жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде кішкентай бизнесмендер өз өнімдерін ұсынды. Арбат алаңында жайылған жәрмеңкеге оқушылардың өз қолымен жасаған тағамдары мен қолөнер туындылары қойылды. Жас кәсіпкерлердің бастамаларын, идеяларын қолдау мен дамытуды көздейтін шараға қала әкімі Р.Аюпов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Ғ.Сәрсенбаев арнайы қатысып, тамашалады. Алғаш болып шаһар басшысы балалардың істеген дүниелерін сатып алып, тағамдардың дəмін көріп, бұйымдарын жіті қарап, оларға дем берді.
«Қазіргі таңда бүкіл әлем кәсіпкерлікке көп көңіл бөлуде. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес бұл сала мектеп бағдарламасына енгізіліп жатыр. Болашағымыз балалар болғындықтан біз әрдайым мұндай бастамаларды қолдаймыз. Жәрмеңкелер жиі-жиі өткізілсе жастардың кәсіпке бейімделуі артып, рухани шаһар мен еліміздің дамуына зор үлес қосары анық», – деді қала басшысы.
Сонымен қатар, салтанатты шарада сөз алған қалалық мәслихаттың хатшысы Ғ.Сәрсенбаев туризмнің ордасына айналмақ қала үшін, ілкімді істің берері мол екендігін жеткізді.