Былғары аяқ-киім өндірісі дамиды
Түркістан қаласы сауда-саттықтың мекені. Мұндағы саудагерлер бұрындары сырт өлкелерден қалаға тауар алып келіп, алып сатарлықпен айналысатын. Қазірде қала көркейіп, өркениеті өркендеп, жеке кәсіпкерлік те қаламен бірдей дамып келеді.
Жалпы шаһарда қазір отандық өнім өндіруге аса қатты көңіл бөлінуде. "Дружба" фирмасы да бұл тұста арт қалып қойған жоқ. Бастапқыда бірнеше адам болып өз жұмыстарын бастаған өндіріс орны, қазірде Қазақстан аумағына таралатын аяқ-кім өндірумен айналысады. Аталмыш фирма бүгінде өз өнеркәсібін өрбіту, кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан қарастырылған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының арқасында 15 млн. теңгеге бизнесін дамытпақ.
«Ерінбеген етікші болады». Атам қазақ осы сөзімен-ақ бұл кәсіптің қоғамдық мән-маңызын әлдеқашан айшықтап тастаған. Өйткені етікшілік те өнер. Жай өнер емес, ерінбей-жалықпай үйренетін өнер. Кезінде әр ауылға бір етікші болған, себебі мәсі мүжілмей, етік тозбай тұрмайды. Шеберлігін шыңдап, ісмерлігін ісімен дәлелдеген адам ғана етікші бола алады. Сондықтан да қазақ қоғамы етікшіні жоғары бағалаған.
Айта кетері, қалада осы өнеркәсіптен басқа да жеңіл өнеркәсіп түрлерімен айналысатын бірнеше өнеркәсіп орындары жұмыс жасайды. Мәселен "Сардигани" аяқ-киім өндіріс зауыты. Демек қалада былғары аяқкиім өнеркәсібі ертеден дамыған.