Елбасы Түркістандағы қолөнершілер жәрмеңкесін тамашалады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іс-сапармен Ұлы Жібек жолы бойындағы Түркістан қаласына келді. Түркістанға биылдыққа алғаш ат басын бұрған елбасы «Craftsman-2019» халықаралық қолөнершілер жәрмеңкесін тамашалады. Шара республика деңгейінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Шараға елімізбен қатар алыс-жақын шетелден қолөнершілер қатысуда.
Түркістанда осы жылы қолөнер бұйымдарын өндірушілерге аса көңіл бөлінуде. Кәсібімді шыңдап, дамытамын деушілерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек те аз емес. Қала шеберханаларындағы қызу жұмыстар қаланың әлеуметінің артуына да үлкен ықпал жасайтыны анық. Ал қолөнершілердің бұйымдары шетелдіктердің арасында қазірде сапалылығымен, көрнекілігіменен ерекше.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған шараға Иран, Үндістан, Ресей Федерациясы, Ауғанстан, Өзбекстан, Түркия, Қырғыз Республикасы, Әзербайжан, Тәжікстан, Башқұртстан, Якутия елдерінен 200-ге жуық қолөнерші қатысуда. Ауқымды шараға сонымен бірге ҚР «Қолөнершілер бірлестігі», Нұр-Сұлтан қаласынан «Қадам» өнер орталығы, «Дешті Арт» бірлестігі, «Әзірбайжан Республикасы Президенті жанындағы Азаматтарға қызмет көрсету және әлеуметтік инновация мемлекеттік агенттігі жанындағы ABAD» қоғамдық құқықтық заңды тұлғасы мен Қырғызстан Республикасының «Алаш» қолөнершілер бірлестігі де арнайы шақырылған.
Халықаралық жәрмеңкенің мақсаты - ұлттық қолөнерді дамыту арқылы Ұлы Жібек жолы бойындағы Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі ірі ұлттық қолөнер орталығына айналдыру мен этникалық туризмді өркендету. Іс-шара аясында алаша тоқудан, керамика, тері, темір және шыныдан қолөнер бұйымдарын жасау бойынша шеберлік сабақтары мен қазақтың ұлттық киімдерінің көрсетілімі болды.