«Түркістан» анимациялық фильмі жарыққа шықты
Бүгін Түркістан қаласында өткен "JAS TÚRKISTAN - 2019" respýblıkalyq balalar shyǵarmashylyq MARAFONY аясында жас ұрпақты тәрбиелеу жолында елеулі іс атқарып жүрген «Сақ» киностудиясының тағы бір төл туындысы «Түркістан» анимациялық фильмі көрермен қауымға жол тартты. Көркем туынды жас ұрпақтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін оятып, тарихқа деген құрметін қалыптастыруға арналған.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен түсірілген фильмнің форматы 2 D, ұзақтығы 25 минут. Балаларға базарлық ретінде ұсынылған туындының режиссері және бас суретшісі - Азамат Ерназаров,сценарий авторы - Бақытжан Құлжабаев болса, әуенмен әрлеген - Әйтеке Көптілеу.
Тұсаукесерде сөз алған «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеев «Анимацияда 18 жылдық тәжірибесі бар шығармашылық топ 60-қа жуық қысқаметражды мультфильмдер мен бірнеше деректі және көркем фильмдер шығарып үлгерді. Кәсіби деңгейдегі режиссерлер, аниматорлар және суретшілерден құралған ұжымның шығармашылығы Қазақстан және шет елдерде кеңінен танылып, өз бағасын алуда. «САҚ» киностудиясы анимация саласын дамытумен қатар, баланың көзқарасын дұрыс қалыптастыруды, отансүйгіштік, адамгершілік, адалдық және достық секілді қасиеттерді насихаттап, оларды ұрпақ санасына сіңіруді басты мақсат санайды», деп атап өтті.
Аталған фильм желісіне Жалғас есімді жас баланың ерлігі арқау болады. Оқиға барысында Жалғас Отанына, еліне деген парызын сезіне отырып, жаудың теріс пиғылынақарсы тұрады. Бала батыр осылай Түркістанда өтетін Қазақ құрылтайындағы қастандықтың алдын алып, Тәуке ханның өмірін аман алып қалады. Жалпы, анимациялық фильм көрерменді қызықты оқиғалармен баурап, адами тәрбиеге, әр адамның қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге үндейді.
ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек», деген болатын. Осы орайда, «Сақ» киностудиясының атқарып жүрген жұмысы ауқымды.
Осы күнге дейін«Күш атасы - Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдерін және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериядан тұратынтелехикая мен «Ұлы Жібек Жолы бойындағы көне қалалар» деректі фильмін жұртшылық назарына ұсынған киностудия биыл«Ордабасы – бірліктің туы», «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмдері арқылы кішкентай көрермендерді бір қуантқан еді.
Атап өтейік, «Түркістан» анимациялық фильмінің презентациясы өткен "JAS TÚRKISTAN - 2019" respýblıkalyq balalar shyǵarmashylyq MARAFONY облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өтуде. Шараға еліміздегі танымал балалар басылымдарының өкілдері, ақын-жазушылар, анимация саласының мамандары арнайы келген болатын.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі