Түркістанға келген зияратшылармен диалог орнатылып, сыйлық берілді
Туристермен диалог орнату - сенімділік кепілі. Кез-келген адам жат ортада ыстық ықылас пен жылы қарым-қатынасты күтетіні анық. Шетелден келетін, еліміздің ішінен келетін туристермен түрлі ойын-сауық, интеллектуалды ойындар өткізу арқылы олардың саяхаттап келген өңірдің тарихы мен табиғатына қызықтыруға, біліп-тануға деген ықыласын арттыруға болады. Осы арқылы туризмді дамытуға болады. Себебі, барған жерінде жергілікті тұрғындар мен мамандар тарапынан қолдауға ие болған, өзінің "қоғамға керек екендігін" түсінген адамның көңіл-күйі көтерілетіні анық.
Жақында туризмінде айтарлықтай оң өзгерістер болып жатқан Түркістанда «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мультимедиялық бөлмесінде «Мен таңдаған мамандық» атты ерекше форматта іс-шара өтті.
Аталған шараға арнайы шақырылған түрлі мамандық иелерімен қатар музейге келген зияратшылар, республика аумағынан келген туристер де қатысып, әрқайсысы өз мамандығы және қоғамдағы маңызы жайлы әңгімеледі.
Мамандықты сүю, қоғамға қалтқысыз еңбек етуге бағытталған тәрбиелік маңызы зор жиынға студент жастар да қатысып таңдаған салаларына қатысты алдағы мақсаттарымен бөлісті.
Басқосу аясында арнайы конкурс ұйымдастырылып, қатысушылар 30 секунд ішінде өз мамандығының қыр — сырын жеткізді. Сондай-ақ, шараға белсенділікпен атсалысқан қатысушыларға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспа өнімдері сыйға берілді.