Қала көркін амфитеатр ашатын күн алыс емес
Амфитеатр десе, көз алдыңызға ең бірінші Римдегі Колизей елестейді. Мұнда патшалық гладиаторларды бір-бірімен айқастырып, он мыңдап көрермендер тартқан. Амфитеатрда ірі деңгейдегі іс-шаралар өткен. Амфитетар грек тілінен аударғанда – «айнала», «театр» деген мағынаны білдіреді. Яғни, көрермендерге арналған орын. Амфитеатрлар әр түрлі пішінде салынады. Ең кең тарағаны – сопақша және дөңгелек пішіндер. Бұл пішінде көрермендер ортада не болып жатқанын еш қиындықсыз көре алады.
Бүгінде әлем халқы Римге, ежелгі грек мәдениетінің орталығы Афиныға баяғы амфитеатрларды көруге ағылады. Осыған орай, заманауи пішіндегі амфитеатр қазақ елінің рухани астанасы - Түркістан қаласында салынбақ.
Еске сала кетсек, Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласының облыс орталығы атану құрметіне орай республикамыздағы өзге облыс әкімдіктері жаңа облыс орталығына бір-бір ғимараттан салып, сыйға тартатын болған. Соның бірі – осы амфитеатр. Бұл нысанда Маңғыстау облысы әкімдігінің тарту етіп отыр.
Биылғы жылдың сәуір айында құрылыс жұмыстары басталған ғимарат қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. 1000 орынға лайықталған заманауи кешеннің жалпы көлемі 2400 шаршы метрге тең. «Рухани-мәдени орталық» аймағындағы 0,56 гектар жерге жүргізіліп жатқан құрылыс алаңында күндіз – 22, түнгі аусымда 10 жұмысшы еңбек етуде.
Құрылысқа жауапты «АА-Стройинжиниринг» ЖШС мердігер компаниясының учаске бастығы Абай Абдурахманов жұмыс өз қарқынымен жүргізіліп жатқандығын айтып, алдағы уақытта нысан келісілген мерзімде аяқталататындығын жеткізді.
Амфитеатр пайдалануға берілген соң, туристердің алғашқы ірі легі келетін күн алыс емес.