Қолөнер - халық қазынасы

Screenshot_11.jpg

Таяуда  Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен Арыстанбаб кесенесінде «ҚОЛӨНЕР ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ, ҒАСЫРЛАР МҰРАСЫ» тақырыбындағы қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты жергілікті қолөнершілердің қолынан шыққан туындыларын көпшілік назарына ұсына отырып, өңірімізге келетін туристердің халқымыздың қолөнеріне деген қызығушылығы мен сұранысын тудыру. Сондай-ақ, жыл сайын осы іс-шараны өткізуді дәстүрге айналдыру арқылы өңірімізде атадан балаға мирас болған ұлттық өнерді қайта жаңғырту болып табылады.

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мамандарының мәліметінше шараны Отырар ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев, Отырар аудандық ішкі саясат басшысы Айдос Құлмаханұлы, Отырар қорық-музейі директордың кеңесшісі Нұртаза Алдабергенов ашып беріп, ата-бабаларымыздың қолөнер үлгісін, шеберлігін сақтап қалып, кейінгі ұрпаққа жеткізу, үйрету бүгінгі таңда игілікті іс болып табылатындығын айтып, қолөнершілерге қолдау көрсету керектігін жеткізді.

Көрме-жәрмеңкеге 45 ден астам Отырар өңірінің қолөнер шеберлері қатысып, олардың ағаш шеберлерінің қолдан жасаған бұйымдары, қазақи кәдесыйлар, қолдануға ыңғайлы ыдыс-аяқтар мен қамшыларды, қазақы оюланған көрпешелер мен тоқыма бұйымдары көпшіліктің назарына ілікті.

Арнайы сайланған әділқазы мүшелері қолөнершілердің көпшілікке ұсынған бұйымдармен танысып, арнайы жүлделі орындар тағайындады. 1 дәрежелі орынға 80 жастағы тоқыма өнерінің шебері Тұрлыбекова Үрзада, 2 дәрежелі орынға Садықова Айсұлу және 3 дәрежелі орынға Абсатова Лаура иеленді. Сонымен қатар, «Үздік шебер» номинациясы бойынша Пәрменқұлов Нұрбол және «Жас шебер» номинациясы бойынша Ерзақова Бағдагүл марапатталды. Мекеме директоры Сапар Көзейбаев шараға қатысқан қолөнер шеберлеріне ризашылығын білдіріп, алғыс хаттармен марапаттады.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қолөнер - халық қазынасы