99,7 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілген
Өңірлік коммуникация қызметінде арнайы брифинг өткізген Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа бағыттарын түсіндірді.
Атаулы әлеуметтік көмек алуға ниетті тұрғындарға арналған шаралар кешені 3 бағытты қамтиды:
біріншісі – көп балалы аналарды жеке санатқа шығару және оларға кепілді жәрдемақы беру, бұл ретте көп балалы отбасы-аз қамтылған отбасы деген стереотип алынып тасталады. Бұдан басқа, бұл көп балалы аналардың материалдық жағдайы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, олардың беделін мойындайтын болады, елдегі бала туу деңгейін арттырады; екінші – аз қамтылған азаматтарды қолдау және оларды жұмысқа орналастыруға ынталандыру; үшіншісі - барлық АӘК алушылардың балаларына заттай қолдауды қамтитын кепілді пакет ұсынылатын болады.
Атаулы әлеуметтік көмек 2002 жылдан бері іске асырылып келеді. Бұл аз қамтылған, табысы төмен отбасыларға арналған көмек. Атаулы әлеуметтік көмек – ақшалай, әлеуметтік бейімдеу, жұмысқа орналастыру, өз бизнесін ұйымдастыруға көмектесу және жұмыспен қамтудың басқада түрлері арқылы отбасының табысын арттыруға бағытталған көмек.
2018 жылы АӘК жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан төмен отбасыларға осы мұқтаждық шегі мен жан басына шаққандағы табыстың айырмасы ретінде отбасының әр мүшесіне төленді.
2019 жылы – кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан 70%-на дейін көтерілді. Осыған орай, АӘК алуға 20 789 теңгеден төмен жан басына шаққандағы табысы бар отбасылар құқылы. АӘК 20 789 теңге соммасы мен жан басына шаққандағы табысының айырмасы ретінде тағайындалады, бірақ балалар кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы табысының айырмасын емес, оның толық сомасын = ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын (20 789 теңге) алады.
Сондықтан, осы тектес көмек көрсету жыл соңына дейін жалғастырылатын болады.
Атап өтейік, Түркістан облысында ағымдағы жылдың 1 қазанындағы есеп бойынша атаулы әлеуметтік көмек 99,7 мың отбасыға, нақты 577,8 мың адамға тағайындалған. Оның ішінде 352,4 мыңы – балалар, 65,7 мың отбасы – көп балалылар.