Ақпараттық топ Төлебиде

Screenshot_16.jpg

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асыру мәселесін түсіндіру жұмыстарын жандандыру мақсатында Төлеби ауданына облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев бастаған ақпараттық топ келді.

Арнайы келген топ елімізде 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша көрсетілетінін айтты. Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) пакеті. Барлық азаматтар пайдалана алатын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне жедел жәрдем мен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек енген. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы аурулардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет шеңберінде консультативтік-диагностикалық көмекпен, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамтамасыз етіледі. Амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, туберкулезге шалдыққандарды оңалту қызметі де осы пакетке кіреді.

Екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті. Бұл пакетке консультативтік-диагностикалық көмек, соның ішінде бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлерін, ТМККК енгізілмеген сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ТМККК пакетіне жатпайтын жағдайларда жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамту, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін қамтымақ.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Ақпараттық топ Төлебиде