Ұстаздармен жүздесті

Screenshot_23.jpg

Түркістан қаласына келген Қазақстан Республикасы Премьер министрінің орынбасары Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев пен Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Таңатқызы Каринова шаһардың ұстаздарымен кездесті.

Үкімет басшысы алдымен қаламыздағы іргелі білім ордаларының бірі - М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясы дарынды оқушыларының шығармашылық көрмесімен танысты. Мектеп мұғалімдерінің "Отбасы - тәрбие басы, мектеп тәрбие жаршысы" тақырыбында өтілген бірыңғай сынып сағаттарына еніп, оқушылармен тілдесті. Ал, негізгі басқосу мәжіліс залында өтіп, жиынды облыс әкімінің орынбасары Сәкен Амангелдіұлы Қалқаманов жүргізіп отырды. Ұстаздар қауымының алдында сөз алған Бердібек Мәшбекұлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған алғашқы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауындағы басым бағыттар мен әлеуметтік жобалар туралы кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, жуырда қабылданғалы жатқан «Мұғалім мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы туралы қысқаша түсіндіріп өтсе, Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Таңатқызы аталған Заңның толық мәтінімен таныстырып, оның ұстаздар қауымының беделін көтеруге ықпалын атап өтті.

Өз кезегінде ұстаздар Үкімет басшысының орынбасарына білім саласы бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын жолдап, тұщымды жауаптарын алды.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Ұстаздармен жүздесті