Марафоннан қариялар да қалыс қалмады
Мыңнан астам түркістандық салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында бұқаралық марафонға қатысты. Тұңғыш рет ұйымдастырылған «Түркістаным-Тұраным» марафонына қатысушылар таңғы жетіден жиналып, дене қыздыру жаттығуларын жасады. Облыстық спорт және дене тәрбиесі басқармасының басшысы Полат Қырықбаев марафоншыларға сәттілік тіледі. Жүгіру «Парасат» саябағынан басталып, Қазыбек би көшесі арқылы Есімхан алаңында аяқталды. Жалпы, 5 шақырымды құрайтын бұқаралық спорттық шараға үлкендерден бастап, кішкентай бүлдіршіндер де қатысты. Алғаш болып жарыс жолына балалар шықты. Қатысушылар аптап ыстыққа қарамастан белгіленген межені бағындырды. Тартысқа толы бәсекеде кентаулық Ардагер Захитдинов жүзден жүйрік шықты. Ол қарсыластарын артқа тастап мықтылығын дәлелдеді. Ал, екінші орынды Ақтілек Құралбай иеленсе, үшінші орынды Бақдаулет Абдужамал еншіледі. Одан бөлек марафонға қатысқан ең жас спортшы мен жасы 70-тен асқан 5 марафоншыға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар берілді.
- Жастайымыздан спортпен айналысып, аудандық облыстық жарыстарға қатыстық. Денсаулықтың арқасында осындай жасқа жетіп жатырмыз. Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын. Марафон жылдан жылға жалғасын тапса деймін. Бұл жерде бастысы жүлде емес, жарысқа қатысып денсаулықты шыңдай түсу, - дейді марафонға қатысушы 70 жастағы қария Рысқұлбек Қалмырзаев.
Түркістан облысының құрылуына орай тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған марафон кедешекте де жалғасын таппақ. Келесі жылы марафонға қатысушылар саны бұл көрсеткіштен екі еселенеді деп күтілуде.